Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық мемлекеттік телеарналарды кәбілді телеарна топтамасына қосуға мүдделі
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық мемлекеттік телеарналарды кәбілді телеарна топтамасына қосуға мүдделілік танытып отыр. Бұл жайында аталған министрліктің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Әшір Айтқалиев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін елордада «Қазақстандағы кәбілді телеарна: проблемалары және шешімдері» атты конференцияда осындай пікір білдірген оның айтуынша, комитет кәбілді операторлардың мемлекеттік арналарды қоса ұсынуына қатысты мәселелерді шешуге қадам жасауда.
Осы мақсатта министрлік кәбілді телеарналарда мемлекеттік бағдарламалардың қосылуын есепке алатын топтамалар құруға бағытталған қаулы жобасына бастамашы болып отыр.
«Бұл қаулыны келесі жылдың бірінші тоқсанында қабылдайды деген үмітіміз бар. Сонымен қатар тарату желісіне өңірлік арналардың қосылуы да осы екі шаруашылық субъектінің басты мәселесі болып табылады. Бұл жайттар өзара тиімді ынтымақтастық шеңберінде шешілуі қажет», дейді Ә.Айтқалиев.
Министрліктің мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 257 электрондық БАҚ жұмыс істейді. Оның 147-сі кәбілді телеарна операторлары. Жалпы кәбілді телеарна инфрақұрылымы Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарында жақсы дамыған.
Алқалы жиынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша Телерадиохабарларын тарату ұлттық қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Шараның негізгі мақсаты - кәбілді телеарналардың заңнамалық және нормативтік базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау.