Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақ тілінің үздік оқулығы» республикалық байқауын жариялады
АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті өзге тілді ересек тұрғындарға арналған «Қазақ тілінің үздік оқулығы» республикалық байқауын жариялады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтына сілтеме жасап. Байқаудың мақсаты - өзге тілді ересек тұрғындар үшін мемлекеттік тілді жеделдете оқытуға арналған ерекше озық үлгідегі оқулық немесе оқу құралын анықтау.Байқауға жеке авторлармен қатар, сондай-ақ авторлық ұжымдар дайындаған оқулықтар мен оқу құралдары жіберіледі. Өткізілетін кезеңі ? ағымдағы жылғы сәуір мен қазан айларының аралығы.Байқау комиссиясы жұмыстарды қарап Бас жүлдені, сондай-ақ бірінші, екінші және үшінші орындарды анықтайды. Байқау жеңімпаздары лауреаттар дипломдарымен және 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Марапаттау рәсімі 2009 жылдың қараша айында Астана қаласында өтеді.Байқауға қатысуға тілек білдіргендер құжаттары мен материалдарын мына мекен-жайға жіберуі тиіс: Астана қаласы, Орынбор көшесі, 8, Министрліктер үйі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті. Байқау материалдарын қабылдау 2009 жылғы қазанның 30-ында аяқталады.