Мәдениет және ақпарат министрлігінде депутаттар мен БАҚ-тың қатысуымен бос лауазымдарға іріктеу жүріп жатыр

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, депутаттардың, БАҚ-тың қатысуымен бос лауазымдарға конкурстық іріктеу өткізіліп жатыр.
None
None

Конкурстық комиссияның отырысына сенатор, «Нұр Отан» ХДП-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Мәжіліс депутаттары Айгүл Соловьева, Светлана Романовская, Мұрат Әбенов, сондай-ақ «Ұлт тағдыры» ҚБ жетекшісі Досмахамбет Көшім, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық институттың жетекшісі Марат Башимов және басқа да белгілі азаматтар қатысып жатыр.

Министрліктің таратқан мәліметіне қарағанда, ашық конкурс 6 бос лауазымға негізделіп отыр. Бос орындар министрліктің қайта құрылымдауынан кейін пайда болды. Конкурсқа қатысу туралы 106 адам өтініштерін берді. Соның ішінде Қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінің сарапшысы қызметіне 66 адам ниет білдірген. Айта кетейік, 7-8 мамырда заңнаманы білу деңгейіне тестілеу өткізіліп, 81 кандидат сыннан сүрінбей өткен көрінеді. Енді екі күн ішінде олар конкурстық комиссияда тексерілетін болады.

«Осындай ашық түрде кадрларды іріктеуде министрлік үлгі көрсетіп отыр. Президенттің қойып отырған талабына сәйкес кадрларды жұмысқа алуда бұл жақсы бастама және осыны қолдау керек. Еліміздің мемлекеттік қызметінде бұл қадамдарды жалғастыру қажет», - деді О. Әбдікәрімов.

Соңғы жаңалықтар