19:14, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәдениет және ақпарат министрлігінде театр репертуарын ретке келтіру үшін қоғамдық негіздегі алқа құрылады
АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мәдениет және ақпарат министрлігінде биыл 9 адамнан тұратын қоғамдық негіздегі репертуарлық алқа құрылады. Бұл туралы Алматыда «Бүгінгі күн: қазақ драматургиясы және театр репертуары» деген тақырыпта өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ІІІ пленумында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Министрліктің жанынан жаңа штат ашу мүмкін емес. Бірақ қоғамдық негіздегі репертуарлық алқа құру деген идеяны қолдаймын. Жылына бір рет ақы төленетін 9 адамнан тұратын бұл алқаны биыл құруға дайынмын. Оған театрлардың бас режиссерлері, драматургтер мен театр сыншылары қатысуы керек. Сонда жақсы шығармаларды таңдап алуға болады деп есептеймін. Қазір облыстық театрлар бетімен кеткен, бірде-бірі министрлікке қарамайды. Олар облыстың мәдениет басқармасына қарайды. Оның басқарма директорын біз тағайындай алмаймыз», - дейді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, енді республикалық байқауда үздік деп танылған шығармаларды қаржы беру арқылы облыстық театрлардың репертуарына енгізуге болады. Сонда репертуарлық алқаның күші республикалық қана емес, облыстық театрларға да тарамақ. «Биылдан бастап жетекші театрлардың жанынан Көркемдік кеңестерді ашу керек деген ұсынысты да қолдаймын. Олардың театр басшыларына тәуелділігін жою үшін Өнер академиясынан, Театр қайраткерлері одағынан өкілдер тартамыз. Бұл идеяны да биыл жүзеге асырамыз»,- дейді Мұхтар Абрарұлы.