Мәдениет және спорт қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының кешегі Жолдауы біздің саламызда еңбек ететін барлық адамның мүддесін қорғайтындығы қуантады. Себебі біздің саламызда еңбек етіп жүрген адамдарды ең алдымен жалақыларының төмендігі алаңдатып келген еді. ҚР Кəсіподақ федерациясы Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Өздеріңіз де білесіздер, еліміздің көкбайрағы шет мемлекеттерде 2 жағдайда ғана желбірейді. Біріншісі - Мемлекет басшымыздың шетелдегі сапарлары кезінде. Ал екіншісі мәденииет пен спорт саласының майталмандары жүлделі нәтижелерге қол жеткізгенде әнұранымыз шырқалып, туымыз жоғары көтеріледі. Сондықтан Қазақ елін шетелге танытып жүрген мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі дегенді қуана қарсы алдық", - деді ол Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған жиында.
Оның атап өтуінше, бүгінде мәдениет пен спорт саласының қызметкерлері білім және денсаулық сақтау саласындағы әріптестерінен де төмен жалақы алады.
«Музей, мұрағат, кітапхана саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 25-30 мың теңге шамасында ғана. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп келген әртістеріміз филармонияға жұмысқа кіргенде 30-32 мың теңге ғана жалақы алады. Ал кеше Елбасымыз әлеуметтік сала қызметкерлерінің ең өзекті мәселелерін нақты айтып, мемлекеттік органдарға оны шешу үшін тапсырма берді», - деді Светлана Иманқұлова.
Айта кетейік, Елбасы Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын.
«Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек»,- деген еді ҚР Президенті.