Мәдениет және спорт министрі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жеңімпаздарымен кездесті (ФОТО)

«Жасөпірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында Қазақстан осындай көрсеткішке жетіп отырғаны қуантарлық жағдай. Яғни, біздің жас спортшылар ертеңгі үлкен Олимпиадаларға дайын деген сөз. Сендерді жаттықтырып қана қоймай, патриот ретінде тәрбиелеп жатқан жаттықтырушыларыңызға және өздеріңе зор алғысымды айтқым келеді»,-деді кездесу барысында министр.
Министр атап өткендей, енді спортшылар 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиада ойындары мен келесі Олимпиада ойындарына дайындала беруі керек.
Ал, Лиллехаммердегі жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстан спортшылары бір күміс және үш қола медаль иеленді. Атап айтсақ, биатлоншы Арина Пантова 6 шақырым дистанцияда қола жүлде иеленіп, Қазақстан үшін алғашқы медаль жеңіп алған. 16 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева екінші қола жүлдені иеленсе, аралас командалар арасында конькимен жүгіру сайысынан Анвар Махамадеев күміс медальды, шорт-трек бойынша аралас командалар сайысында Анита Нагай тағы бір қола медальді жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған жасөспірімдер Олимпиадасына еліміздің сегіз өңірінен 20 жас спортшы аттанған болатын.