Мәдениетаралық және дінаралық диалогты кеңейтудегі әйелдің ролі талқыланды - Астана
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат - Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Мәдениетаралық және дінаралық диалогты кеңейтудегі әйелдің ролі» деген тақырыпта кездесу өтті,
деп хабарлады Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сәрсенбі күні өткен кездесуді Әділет министрлігінің жанындағы Халықаралық мәдениет және дін орталығы ұйымдастырды. Жиынның мақсаты - діни және зайырлы БАҚ өкілдерін, әйелдер мен жастар бірлестіктерін, ғылым және өнер қайраткерлерін тарта отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілерінің ІІІ съезінде айтылған түрлі діндер мен мәдениет өкілдерінің диалогын кеңейтуге қолдау көрсету болды.
Бұл жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева, Астананың діни бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Халықаралық мәдениет және дін орталығының директоры Айдар Әбуов алғысөз сөйледі.
Кездесуде ішкі диалогты тереңдету және мәдениетаралық және конфессияаралық өзара іс-қимылдар саласында діни бірлестіктер мен әйелдер ұйымдарының сындарлы серіктестігін және ынтымақтастығын орнату мәселелері талқыланды.