Мәди Ахметов Алматы академиясының ұжымымен кездесті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының профессорлық-оқытушы құрамы және тыңдаушылармен кездесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Академия басшысының орынбасары С.Кененбаев Мәжіліс депутатына жаңартылған оқу кабинеттерін, компьютерлік сыныптарды, акт залын көрсетіп, тәжірибелік-бағдарлы оқыту бағдарламаларын енгізу жөніндегі жұмыстармен таныстырды.
Сондай-ақ, ол білім ордасындағы киберорталықтықтың жұмысымен және генерал Рүстем Қайдаров атындағы кабинетпен танысып, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың тақтасына гүл шоғын қойды.
Мәди Ахметов академия курсанттары мен тыңдаушылары тұратын казармаға да келіп, олардың тұрмыстық жағдайымен танысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде лаңкестік әрекеттерді тоқтатуға ат салысқан ұжымға алғыс айтып, оқу орнының киберқауіпсіздік саласындағы мамандар мен Ішкі істер министрлігінің жоғары басшы кадрларын даярлау жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Мәди Ахметов Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер тұрғысында сайланбалы органның қызметі, заң шығару бастамалары, әлеуметтік кодексті әзірлеу және басқа да басым мәселелер туралы хабардар етті.
Еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске, қызмет көрсетудің жаңа үлгісі аясында ішкі істер органдарын жаңғыртуға қатысты мәселелер туралы ойын ортаға салды.
Сондай-ақ, жеке құрамның барлық өтініштерін тыңдаған Мәжіліс депутаты академияның материалдық-техникалық базасын жақсартудың нақты мәселелерін шешуге ықпал етуге, оның ішінде әлеуметтік блок пен жабдыққа қатысты ең өзектілерін бақылауға алуға уәде берді.