Мәди Ахметов студенттер жатақханасына қатысты бірқатар ұсыныс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов студенттер жатақханасына қатысты бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздегі жастардың басым бөлігін студенттер құрайды. Алдағы жылдарда демографиялық болжамдарға сай жастар санының өсетінін ескерсек, жоғары оқу орындарындағы инфрақұрылымды жаңарту күн тәртібіндегі өзекті де өткір мәселе екені анық. Студенттердің тұруына қолайлы жағдай жасамай, олардың бірінші қажеттіліктерін қамтамасыз етпей, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Қазіргі таңда 129 жоғары оқу орны мен 795 кәсіптік білім беру мекемесінде 1 млн-нан астам студент білім алып жатыр. Олардың 175 мыңы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, елімізде 80 мыңнан астам студентке жатақхана жетіспейді. Аталған мәселені шешу мақсатында 2018 жылдың наурыз айында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланды. Әлеуметтік бастаманың үшінші бағыты «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды» көздейді», - деді М. Ахметов Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен 118 млрд тенге қаржы қарастырылған. Әлеуметтік бастама жоспарға сай жүзеге асатын болса, жатақханаға мұқтаж студенттердің 85 пайызы орынмен қамтамасыз етіледі. «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша соңғы 2 жылда ел аумағында 20 266 орындық 75 жатақхана пайдалануға берілген. Бұл жалпы көрсеткіштің тек 27 пайызы. Пайдалануға берілген жатақханалардың тек 39-ы жаңадан бой көтерсе, қалған 36-сы реконструкциядан өткен.

«Негізінде мемлекеттік бюджеттен қарастырылған қаржы жаңа жатақханалардың құрылысына жоспарланғанын ескеру қажет. Аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асуда. Әсіресе, cтуденттер үйінің ең үлкен жетіспеушілігі немесе 56 пайызы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаны сапалы орындау бұл аймақтарға аса маңызды», - деді ол.

Сондықтан, тапсырманы жүйелі әрі уақытында орындау үшін бірқатар ұсыныс жасалды:

1. Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығының» инвесторларға ұсынып отырған шарттарын қайта қарастыруы маңызды.

2. Жатақханаларды салудағы барлық жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелендіріп, ортақ үйлестіру мәселесін тез арада шешу керек.

3. «Госэкспертиза» мекемесіне «Бес әлеуметтік бастама» аясында салынатын жатақхана құрылысының жобасын қарастыру мерзімін қысқарту ұсынысы.

4. Келісімшарттарды жасау, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы бюрократиялық процедураларды жеңілдету жолдарын қарастыру өзекті.

5. Мемлекеттік білім беру грантын орналастыру барысында жоғары оқу орындары мен колледждерге студенттік жатақхананың міндетті болуы жөніндегі қойылатын лицензиялық талаптарды енгізу қажет.

6. Жатақханаларды салатын мердігер компанияларға әр студент үшін жатақханадағы орнына төленетін айлық төлемақысының құнын өсірмеуді келісімшартта көрсету маңызды.


Соңғы жаңалықтар