Мәдина Әбілқасымова Amanat партиясының қабылдауында азаматтардың өтініштерін қарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру жөніндегі міндет шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова азаматтарды Amanat партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде онлайн түрде қабылдады. Бұл туралы ҚазАқпарат Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде кепілмен берілген кредиттік қарыздарды қайта қаржыландыруға, Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері үшін қарыздарды қайта құрылымдауға қатысты мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, қаржы реттеушісінің басшысына өз проблемаларын шешуге көмек сұрап Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының азаматтары жүгінді. М. Әбілқасымова бірде-бір өтініштің назардан тыс қалмайтынын, азаматтар көтерген барлық мәселелер жеке бақылауына алынып, заңнама нормалары мен белгіленген мерзімдер сақтала отырып орындалатынын атап өтті.

2021 жылы Агенттікке азаматтардан шамамен 21,8 мың өтініш келіп түсті, барлық өтініштің 72,5%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша өтініштер қаралған өтініштердің жалпы санының 8,3%-ын, сақтандыру нарығының субъектілері және коллекторлық агенттіктер қызметінің мәселелері бойынша өтініштер 2,4%-ын құрайды. Қаралған өтініштердің жалпы санының 14,4%-ы басқа ұйымдарға тиесілі.

2022 жылдың басынан бері азаматтардан шамамен 1,6 мың өтініш келіп түсті, қаралған өтініштердің жалпы санының 77,0%-ы банк секторы, 11%-ы микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар, 3%-ы сақтандыру нарығының субъектілері, 3%-ы коллекторлық агенттіктер, сондай-ақ 6%-ы өзге ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша.

Агенттік жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарын өзгертуге қарыз алушылардан келіп түскен және банктер қараған өтініштер бойынша статистикалық деректерді жинауды және жинақтауды жүзеге асырды. Деректерге сәйкес, 2022 жылғы қаңтарда банктерге мерзімі өткен берешекті өтеу мәселесі бойынша 11 617 қарыз алушы жүгінген, оның ішінде 5 891 қарыз алушыға жасалған банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер мақұлданды. 7 025 қарыз алушы бойынша банктер жалпы сомасы 12,05 млрд теңгеге қарыз мерзімін өзгерте отырып негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруды мақұлдады.

Қаржылық қызметтер көрсету мәселелері бойынша консультациялар беру және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ проблемалық қарыздар бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында Агенттік 2021 жылы 722 сот отырысына, 2022 жылдың басынан бері 56 сот отырысына қатысты, оның ішінде шешімдердің 80%-дан астамы қарыз алушылардың пайдасына шығарылды.

2021 жылы Агенттік 238-ден астам кездесу ұйымдастырды, онда 2 543 азамат қабылданды, 2022 жылдың басынан 113 азаматпен 7 кездесу ұйымдастырылды.

Халықпен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істейді. 2021 жылы сall-орталыққа 5,8 мыңнан астам азаматтан қоңыраулар түсті, 2022 жылдың басынан бері 2,8 мыңға жуық азамат қоңырау шалды.


Соңғы жаңалықтар