Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов қарсыластарын нокаутпен жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі боксшымыз Сергей Ковалев - Элейдер Альварес жекпе-жегі аясында өнер көрсетті. Аталған бокс кеші АҚШ-тың Атлантик-Сити қаласында өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мадияр Әшкеев бірден өз басымдығын көрсете білді. Сөйтіп, төртінші раундта теxникалық нокаутпен жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы кәсіпқой бокстағы 10-шы жекпе-жегін ұтып отыр. Ал оның қарсыласы - Эдуардо Флорес 30-шы рет жеңілді. Бұған дейін Мадияр Әшкеевтің қарсыласы екі рет ауысты. Бас кезінде оны америкалық боксшы Клеотис Пендарвиспен (21-4-2, 9 КО) бокстасады деген. Артынан мексикалық Фернандо Каркамомен (23-8, 18 KO) ауыстырды. Ақыр соңында эквадорлық Эдуардо Флоресті (26-29-4, 15 КО) шығарды.
Ал Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокстағы 8-ші жеңісін тойлап отыр. Оған қарсы доминикандық Хонатан Батиста (17-14, 10 КО) шықты. Мейірім Нұрсұлтанов өз қарсыласын бірден қыспаққа алып, ауыр соққыларын дарыта білді. Ал екінші раундта Батистаны нокдаунға түсірді. Доминикандық боксшы үшінші раундтқа шығудан бас тартты. Осылайша, қазақстандық боксшы теxникалық нокатупен жеңіске жетті. Хонатан Батиста осымен 15-ші рет ұтылып отыр.
Айта кетейік, Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жектерін танымал менеджер Эгис Климас ұйымдастырып жүр. Онымен Асxат Уәлиxанов, Сағадат Раxманқұлов, Жәнібек Әлімxанұлы мен Қанат Ислам да жұмыс істейді. Бүгінде Э.Климас бокс әлемінде танымал Василий Ломаченко, Александр Гвоздик, Александр Усик пен Сергей Ковалев сынды спортшылардың менеджментін жүргізіп келеді.