Мадияр Жанұзақ IBF өңірлік чемпионы белдеуінен үмітті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Мадияр Жанұзақ кезекті жекпе-жегін 27 қазан күні Макаода (Қытай) өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
RCC Boxing Promotions (Ресей) және Alban Boxing Promotions (Қазақстан) промоутерлік компанияларының қамқорлығымен жекпе-жекке шығатын Мадиярдың (2-0-0)қарсыласы тәжірибелі тай боксшысы Суфакит Камфа. Ол бұған дейін 10 мәрте кәсіби рингте кездесу өткізіп, оның 7-еуінде жеңіске жетсе, үшеуінде қарсыласына есе жіберген.
Халықаралық бокс федерациясының қамқорлығымен «2017 IBF Silk Road Championship Tournament» төртік турнирі аясында өтетін ең жеңіл салмақтағы (50,8 келі) кездесу 3 минуттан 10 раундқа созылады.
Қазақстанның жасөспірімдер және жастар арасында чемпионы болған Мадияр бұған дейін кәсіби рингте Курбонали Бобокалонов пен Дмитрий Мардасовты жеңген болатын.