Мадияр Жанұзақ шаршы алаңға «Алаш ұраны» композициясымен шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Мадияр Жанұзақ Макаода (Қытай) салмақ өлшеу рәсімінен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 IBF Silk Road Championship» кәсіби бокс кеші аясында RCC Boxing Promotions (Ресей) және Alban Boxing Promotions (Қазақстан) промоутерлік компанияларының қамқорлығымен жекпе-жекке шығатын Мадиярдың (2-0-0) салмағы 50,4 келіні құрады. Ал қарсыласы тәжірибелі тай боксшысы Суфакит Камфаның салмағы 49,7 келі болды.
Айта кетерлігі, Мадияр шаршы алаңға Бекболат Тілеуханның «Алаш ұраны» композициясының сүйемелдеуімен шықпақ. Халықаралық бокс федерациясының қамқорлығымен «2017 IBF Silk Road Championship Tournament» төртік турнирі аясында өтетін ең жеңіл салмақтағы (50,8 келі) кездесу 3 минуттан 10 раундқа созылады.
Суфакит Камфа бұған дейін 10 мәрте кәсіби рингте кездесу өткізіп, оның 7-еуінде жеңіске жетсе, үшеуінде қарсыласына есе жіберген.
Ал Қазақстанның жасөспірімдер және жастар арасында чемпионы болған Мадияр бұған дейін кәсіби рингте Курбонали Бобокалонов пен Дмитрий Мардасовты жеңген болатын.