Мадрид мэрі қарлы бораннан €1,4 млрд шығын келгенін мәлімдеді

МАДРИД. ҚазАқпарат – Мадрид мэрі Хосе Луис Мартинес-Альмейда қарлы боран салдарынан қалаға 1,4 млрд еуро шығын келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Mundo газетіне сілтеме жасап.

Мадрид мэрі қарлы бораннан €1,4 млрд шығын келгенін мәлімдеді

«Қазіргі уақытта біз соңғы күндері экономика, инфрақұрылым және қала мүлкіне келген шығынды есептеп, 1,398 млрд еуроға жеткенін анықтадық», - деді ол.

Мартинес-Альмейда Испания билігіне қаланы апат аймағы деп жариялап, корольдік үкіметті осы мәселеге орай жауапты кешіктірмей беруге шақырды.

8 қаңтарда Испания кейінгі жарты ғасырда болмаған қарлы боран астында қалды. «Филомен» дауылы салдарынан ауа температурасы күрт төмендеді. Андалусия тауларында қар деңгейі 50 см-ге жеткен. Қолайсыз ауа райы салдарынан Испанияның көлік жүйесі жұмысын тоқтатты.