Мадридте 200-ге жуық мұғалім ереуіл кезінде тасжолды жауып тастады
АСТАНА. KAZINFORM — Испания астанасы Мадридте білім беру саласы қызметкерлерінің ереуілі кезінде 200-ге жуық мұғалім тасжолдың бір бөлігін жауып, көлік қозғалысын тоқтатты. Бұл туралы BelTA жазды.
El País басылымының мәліметінше, мұғалімдер бүгін Мадридтің Мораталас ауданында наразылық акциясын өткізген. Таңғы сағат 8:30 шамасында, көлік қозғалысы ең қарқынды уақытта, олар жолдың үстіне мектеп парталары мен орындықтарды шығарып, Мадрид қаласының орталығына қарай бағытталған көлік қозғалысын толығымен бөгеген.
— Мемлекеттік білім беру сатылмайды! Мемлекеттік білім беруді қорғау керек! — деп ұрандатты наразылық білдірушілер.
Акцияға қатысушылардың бірі El País газетіне берген сұхбатында аймақтық министр өткен аптада ереуілге шыққан 40 мыңнан астам мұғаліммен келіссөз үстеліне отырудан бас тартып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, наразылық білдірушілер білім беру сапасын арттыруды, сыныптардағы оқушылар санын азайтуды және мұғалімдердің жалақысын көтеруді талап етеді.
— Билік өкілдері бізбен, ата-аналармен және студенттермен келіссөз жүргізуге келіспейінше, тоқтамаймыз, — деді ол. Сондай-ақ мұндай наразылық акциялары жалғаса беретінін ескертті.
Ереуіл басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, акцияны тоқтатып, жолды ашуға кірісті.
Бұған дейін Францияда жаппай тәртіпсіздіктерден кейін кейбір аумақтарда жергілікті коменданттық сағат енгізілетіні хабарланған болатын.