Мадридте Қазақстан елшісі «Expansiоn» экономикалық басылымының директорымен кездесті
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат – Мадридте испандық «ДФМ» ақпараттық орталығының ұйытқы болуымен Қазақстан елшісі Ерғали Бөлегеновтың испандық жетекші «Expansiоn» экономикалық басылымының директоры Хесус Мартинес де Рьохамен кездесуі болды,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметінен. Әңгіме барысында қазақстандық дипломат елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жағдайы мен даму келешегі туралы, қоғамдағы демократиялық өзгерістер мен ел басшылығының танымал халықаралық бастамалары туралы, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, ағымдағы жылы үшінші рет өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының үшінші съезі, сондай-ақ Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының XVIII отырысы жайлы әңгімелеп берді. Кездесу барысында Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мәселелеріне айрықша назар аударылды. Қазақстандық дипломат сондай-ақ, Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне байланысты қолға алынып отырған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы әңгімелеп берді.