МАЭК-тегі апат болашақ АЭС-те қайталанбай ма – Энергетика министрінің жауабы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апат болашақта салыну мүмкін АЭС-те қайталанбайды деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылу-электр орталығында болған жайттың табиғатын түсіну керек қой. Бұл жайттың табиғатында қаржыландырудың жүйелі түрде жеткіліксіз жүргізілгені жатыр. Соның салдарынан негізгі қондырғы кейбір энергетика нысандарында 100 пайыз тозған. Яғни, апаттың себебі – нысандардың техникалық ахуалы. Оған қоса мамандардың тапшылығы бар. Маман тапшы болатыны айлықтың төмен болуымен байланысты. Аталған нысандарды ауқымды көлемде жаңғырту керек екені түсінікті», - деді бүгін Үкімет отырысынан кейінгі тілшілер сұрағына жауап берген министр.
Ведомство басшысы кез келген Атом электр станцияларының жұмысы халықаралық талаптар бойынша бақыланатынын атады.
«АЭС-терді қолданудың талаптары, оның ішінде халықаралық талаптар да бар. Ол талаптар толық көлемде сақталады деп ойлаймын», - деді Алмасадам Сәтқалиев.