Мен алмаған Олимпиада алтыны Парижде отандастарыма бұйырса екен – Әділбек Ниязымбетов

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Құрмет орденінің иегері, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қазақ боксшылары Париж Олимпиадасында жүлдеге таласуға толық мүмкіндігі барын айтты.

бокс
Фото: Күнсұлтан Отарбай

– Әділбек Сәбитұлы, Рио Олимпиадасынан кейін үлкен спорттан кеткеніңді жақсы білеміз. Қазір Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері қайда, не істеп жүр?

– Шаршы алаңнан кетсем де, спорт әлемінен кеткен жоқпын. Қазіргі таңда мен Ақтау қаласындағы облыстық олимпиадалық даярлау орталығында бокс мектебінің директорымын. Өзім айналысқан спорт түрінен жастарға тәлім-тәрбие беріп, тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. 

– Орталықтағы жастардың спортқа деген қызығушылығы қалай? Сіз сияқты Олимпиада жүлдегері болғысы келетін жеткіншектердің қатары көп пе?

– Көп деп айта аламын. Мұнда бокстан үздік нәтижелерге қол жеткізіп, Олимпиадаға баруды армандап жүрген, талпынып жүрген жас жеткіншектер жетерлік. Біздің міндетіміз – сол жастарға жол сілтеп, болашақ чемпиондарды дайындау. 

– Биыл – Олимпиада жылы. Басты додада боксшылардан кімдерге сенім артасыз? 

– Қазіргі таңда Мырзағали Айтжанов баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасында кіл мықтф боксшылар жиналған. Олардың арасынан мен ешкімді бөле-жарғым келмейді. Барлығының да жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. Мен тек, барлығына сәттілік тілеймін. Бізде қазір Қамшыбек Қоңқабаевтан басқасы әлі жолдама алып үлгерген жоқ. Алда екі іріктеу турнирі тұр. Мен сол жарыстардан ұлттық құрма Парижге толық құрамда жолдаманы жеңіп алады деп сенемін. 

– Өзіңіз бір емес, екі Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте күміс жүлдегер атандыңыз. «Әттең-ай» деген кезіңіз болды ма?

– Иә, мен екі рет Олимпиадаға бардым. Екеуінен де жүлдесіз қайтқам жоқ. Тек, алтын ала алмай кеткенім болмаса, басқа өкінішім жоқ. Шамам келгенше ел үміті үшін барын салдым. Қолымнан келгенді жасадым. Жанкүйерлерімнің көңілін жабырқатқан жоқпын деп ойлаймын. Мен алмаған алтынды алдағы Олимпиадада қазіргі боксшыларымыз алса екен деген тілегім бар.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар