Маған сайлаудағы қазақ әйелдерінің белсенділігі ерекше әсер етті - Андреас Ян

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маған сайлаудағы қазақ әйелдерінің белсенділігі ерекше әсер етті. Бүгін 20 наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына орай пікірін білдірген халықаралық байқаушы, Германия Парламенті Халықаралық істер комитетінің парламенттік хатшысы Андреас Ян осылай мәлім етті.

Маған сайлаудағы қазақ әйелдерінің белсенділігі ерекше әсер етті - Андреас Ян

«Мен Қазақстанда алғаш рет болып отырмын. Бізге сайлау барысын байқау аса қызықты. Астанадағы төрт кеңсе мен бірқатар сайлау учаскелерін араладық. Менің ойымша, сайлау аса белсенділік жағдайында өтті. Дауыс беруге келген азаматтар көп болды. Біз сайлау соңына таман дауыстарды санауға да қатыстық», - деді германиялық депутат.

«Менің әсерім: сайлау әділ әрі транспарентті өтті. Сосын әйелдер өте белсенді, мен бұған таңданысымды жасырмаймын», - деді ол.

Германиялық байқаушының айтуынша, ол негізінен Астана қаласындағы сайлау учаскелерін аралаған.

«Мен Албанияда, Өзбекстандағы, Тогодағы сайлауларға қатыстым, байқаушы ретінде. Енді Қазақстанға да келіп отырмын. Әр елдің өз ерекшеліктері бар, сайлау процесінде. Енді Астанадан тысқары, басқа өңірлер туралы ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, азаматтар сайлауға құлшынысты болды, экономикалық қиындықтарға қарамастан қазақстандықтар өздерінің пікірін білдіріп жатты. Әрине, Германиядағы сайлауда да өзінің қиындықтары баршылық. Шындығында, маған қазақ әйелдерінің белсенділігін байқау жақсы әсер етті. Әйелдер туралы да түрлі жағымды пікірлер естідім», - деді А. Ян.