МАГАТЭ Иранның уранды байытуды тоқтатқанын растады
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Халықаралық атом энергиясы бойынша агенттігі (МАГАТЭ) Теһран уранды байытуды 20 пайызға дейін тоқтату туралы женевалық келісімнің талабын орындауға кіріскенін растады.
Шетелдік БАҚ-тардың мәліметіне қарағанда, МАГАТЭ инспекторлары қазіргі кезде Иранда сапармен жүр.
Келісімге сәйкес, Иран 20 қаңтардан бастап уранды байытуды 20 пайызға дейін тоқтатуды міндетке алып отыр. Осыған жауап ретінде АҚШ пен ЕО Иранның 4,2 млрд. доллар көлеміндегі тосқауыл қойылған шетелдік есепшоттарын қол жетімді етуге келісті. Алғашқы траншты Иран ақпанда алады.
Сонымен қатар Иран жағы уранды байыту үшін жаңа центрифугаларды орналастырудан бас тартып, өздерінің ядролық нысандарына халықаралық сарапшыларды кіргізуге және қаруға негізделген плутонийді өндіруге техникалық тұрғыда қауқарлы ядролық реактордың құрылысын тоқтатуға келісті.
Өз кезегінде бұл елге қатысты экономикалық санкциялар біршама жеңілдетілетін болады.