МАГАТЭ-нің бас директоры Төмен байытылған уран банкі үшін Қазақстанға алғысын айтты

«Осы айтулы оқиғаға орай, Сізге, Үкіметке және Қазақстан халқына Төмен байытылған уран банкін құру бойынша іс-қимылды атқаруға келіскені үшін алғысымды жеткізгім келеді. Қазақстан көп жылдардан бері МАГАТЭ-нің ядролық қаруды таратпау мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану тұрғысында қуатты серіктесі болып келеді. МАГАТЭ аясындағы аталған банк - қиын жоба, ол келіссөздер процесі мен бірқатар келісімдерді, агенттік пен Қазақстан арасында жұмыс бабындағы қарым-қатынастарды камтиды. Атап айтқанда, осы жобаға басынан бастап Президент Назарбаевтың жеке үлесі тың серпін берді», - деді Юкия Амано ҚР Президентіне қаратып айтқан сөзінде.
Сонымен қатар ол Қазақстанға сәйкес стандарттарға орай тиісті қызметтерді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
«Мен барлық донорларға, яғни АҚШ, Еуропалық Одақ, Кувейт, БАӘ, Норвегия, Қазақстанға алғысымды айтамын. Осы жасалған мүмкіндіктер аталған банкті құруға жол ашты. Сонымен қатар Төмен байытылған уран банкіне қажетті жабдықтар транзиті мен ұсыныстар жасағаны үшін Ресей мен Қытайға ынтымақтастық байланыстарға ризашылығымызды білдіреміз», - деді Амано.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкі ғимаратын салтанатты ашу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан бейбіт атом энергиясына жауапты МАГАТЭ-нің сенімді серіктесіне айналғанын атап өтті.