Магдебургтегі қанды оқиғаға қатысты сот үшін 1,7 млн еуроға ғимарат жалға алынады

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Саксония-Анхальт жергілікті билігі Магдебургтегі рождестволық жәрмеңкеде болған қанды оқиғаға қатысты сотты өткізу үшін арнайы ғимаратты жалға алмақ. Бұл мақсатқа шамамен 1,7 млн еуро бөлінеді, деп хабарлайды DW.

Магдебург террор ҳужуми: гумондор айбланмоқда
Фото: Dörthe Hein/picture alliance/dpa/dpa-Zentralbild

Алайда бұл түпкілікті сома емес. Шығындар сот процесінің ұзақтығына және ғимаратты қайта жоспарлау қажеттігіне байланысты өзгеруі мүмкін. Билік өкілдері мұндай шешімді істің ауқымымен және қатысушылардың бұрын-соңды болмаған көптігімен түсіндірді.

Сот отырыстары үшін жалпы аумағы 2000 шаршы метр болатын, 700 адамға лайықталған және қауіпсіздік талаптарының ең жоғарғы деңгейіне сәйкес жабдықталатын зал дайындалуда.

Саксония-Анхальт парламентіндегі Солшыл партия өкілдері бұл шешімді сынға алды.

«Азаматтар мұндай шығындарға наразы, өйткені жаңа ғимараттың не үшін қажет екенін түсінбей отыр», – деді партия өкілдері.

Ал жергілікті Әділет министрлігі бұл Германия тарихындағы ең ауқымды қылмыстық істердің бірі екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 20 желтоқсанда Магдебург қаласында 50 жастағы Сауд Арабиясынан шыққан дәрігер Талеб А. автокөлігін жәрмеңке алаңындағы жұртқа қарай айдаған. Салдарынан алты адам қаза тауып, 324 адам жарақат алған.

Тергеу қылмысты террористік әрекет ретінде қарастырмай отыр. Талеб А. Германияда 2006 жылдан бері тұрады. Тюрингия жерінің Конституцияны қорғау басқармасы оның соңғы жылдары радикалдана түскенін және оңшыл экстремистік топтармен байланысы болғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта сот процесінің нақты күні белгіленген жоқ.