Магеррамов министрге бір күнін мүгедек балаларға арнауды ұсынды
«Біздің депутаттық сауал мүгедек балаларға қатысты болып отыр. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті көптеген шаралар жасалуда, алайда оларға байланысты елеулі проблемалар да баршылық», - деп тоқталды депутат.
Осы орайда ол ерекше қажеттіліктерді талап ететін балаларға арналған стоматологиялық емдеу үлкен мәселелердің бірі екенін атап өтті. Мемлекеттік емханалардың кейбірінде осындай ем-дом жасалмайды, сондай-ақ емдеудің сапасына ата-аналардан көп шағым түсуде. Ал жеке клиникаларда бұл шаралар тым қымбат болып отыр.
Бұдан бөлек Мегеррам Магеррамов мүгедек жандарға арналған арбаша да күрделі проблемалардың бірі болып саналатындығын сөз етті.
«Министр мырза, егер де бір күніңізді осы мәселеге арнап, автокөліктен мүгедектер арбашасына отырып, онымен қоғамдық көлікте қаланы аралап көрсеңіз, қордаланған проблеманы жақсы түсінер едіңіз. Осы орайда тұрғын үй кешендері мен мемлекеттік мекемелердің пандустарына шығып көріңіз. Аталған ұсыныс «қалжың айту» ниетінен туындап отырған жоқ, бұл мүгедек балалалардың алдында тұрған нақты проблама. Оның үстіне өткен ғасырдың үлгісіндегі ауыр әрі қолайсыз арбалар мүгедек балаларға қолайсыздық тудыруда», - деді депутат Денсаулық сақтау министріне қаратып айтқан сөзінде.
Сонымен қатар ол мүгедек жеткіншектерге қатысты өзге де проблемалардың арасында оңалтудың төмен көрсеткіші байқалып отырғанын жеткізді.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға ем-дом жасау шараларына да шағымдар көптеп түсуде», - деп атап өтті Магеррамов.