Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Магистратураға мемлекеттік грант: ең көп сұранысқа ие білім бағыттары аталды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін 2026-2027 оқу жылына арналған магистратура гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Биыл конкурсқа қатысу үшін 23 мыңға жуық өтініш қабылданды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

магистратура
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Биылғы өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға артық. Болашақ магистранттар арасында «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», сондай-ақ «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыттары ең жоғары сұранысқа ие болды.

Комиссия отырысында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурс тәртібімен жүзеге асырылды. Комиссия құрамына министрлік, мүдделі мемлекеттік органдар, білім саласы кәсіподақтары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық ұйым өкілдері енді.

Грант тағайындау конкурсының нәтижелері 25 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми әлеуметтік желілерінде жарияланады. Магистранттарды жоғары оқу орындарына қабылдау 2026 жылдың 28 тамызына дейін жүргізіледі.

Осыған дейін магистратураға грант тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталғаны туралы жаздық.