12:53, 01 Маусым 2009 | GMT +5
«Мағжан әлемі» атты әдеби зерттеулер жинағы жарық көрді
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Алматы қаласындағы «Асыл кітап» баспасынан «Мағжан әлемі» атты әдеби зерттеулер жинағы жарық көрді.
Бұл кітапта қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, өз шығармаларымен қазақтың сөз өнерін биік асуға шығарған өрнекті өлеңнің, кестелі ойдың шебері Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әр жылдары ақын-жазушылар мен ғалымдардың жазған зерттеу мақалалары жарыққа шығып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш жинақты құрастырып, баспаға дайындаған ? Мәжіліс депутаты, танымал журналист Жарасбай Сүлейменов.«Мағжан әлемі тұнық та тылсым, тұңғиық. Демек, оны таныған, тереңіне бойлаған әр адамның жан-дүниесі нұрланып, ақыл-ойға басқаша бір өріс ашылады, қолына ерекше бір әлемнің кілті тигендей күй кешері анық», - дейді алғы сөзінде жинақты құрастырушы Ж.Сүлейменов.Жинақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «...Мағжанды сүйемін» деген мақаласымен басталған. Башқұртстанның халық жазушысы Сәйфи Құдаштың және Қазақстанның ақын-жазушылары және ғалымдары Жүсіпбек Аймауытовтың, Жайық Бектұровтың, Әбділда Тәжібаевтың, Бейсенбай Кенжебаевтың, Ғаббас Қабышұлының, Тұрсынбек Кәкішевтің мақалаларынан Мағжан туралы мол деректерге қаныға түсуге болады.Сол секілді сұлу жырдың суреттшісі жайлы Қадыр Мырза Әлі, Кәкімбек Салықов, Мұзафар Әлімбай, Рымғали Нұрғали, Серік Негимов, Темірбек Қожакеев, Ұлықбек Есдәулет, Шериаздан Елеукенов ой толғаған.Ақынның жерлестері Тайыр Мансұровтың, Хамза Абдуллиннің, Ғаділша Қаһармановтың, Серік Біләловтың, Жарасбай Сүлейменовтің, Қосыл Омаровтың, Қайролла Мұқановтың Зейнолла Әкімжановтың зерттеу еңбектерінен Мағжан ақынның өскен ортасы, туған жерінің әсері жөнінде жазған мақалаларын да осы жинақтан табуға болады. Сонымен қатар әдебиет зерттеушілері Бақыт Кәрібаеваның, Бақытжан Майтановтың және кейінгі толқын өкілдері Асқар Алтайдың, Айгүл Кемелбаеваның, Раушан Көшенованың, Әлина Боқаеваның, Жанар Таласпаеваның, Гүлзия Пірәлиеваның, Орынбасар Дөңқабақтың қаламынан туған мақалаларда Мағжан ақынның өлеңдеріндегі терең ойлар, тобықтай түйіндер жаңа қырынан зерделеген, жүрек төрінен шыққан әндері жайлы да жазылған.