Мағжан Жұмабайұлының бұрын белгісіз болып келген 30-ға жуық өлеңдері мен әңгімелері табылды
АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат - Мағжантанушы, Қайнар университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бақытжамал Қанарбаеваның айтуынша, Мағжан Жұмабайұлының шығармалары әлі толық жинақталған жоқ.
«20 жылдың ішінде өз күшіммен ақынның латын және төте жазумен жазылған 30-ға жуық өлеңдері мен әңгімелерін таптым. Енді оларды алдағы уақытта жеке жинақ етіп шығарсам деген арманым бар. Мәскеуде жүргенде М.Жұмабайұлы Түркіменстан мен Қырғызстанның батырлар жырын құрастырып шығарған екен. Қырғыз мектептеріне арналған оқулығы да бар көрінеді. Ол үшін Қырғызстан мұрағаттарын ақтару керек. Өзбекстанда да көп еңбектері бар көрінеді», - дейді Б.Қанарбаева. Ғалымның айтуынша, Халел Досмұхамедов Мәскеудегі Жоғары әдеби-көркем институтында Валерий Брюсевке «қазақтың Пушкині» деп таныстырған ақынның шығармалары осындағы Күншығыс еңбекшілері университетінің жанынан құрылған қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымының 1924 жылы 24-қарашадағы шешімінен кейін Қазақстанда жарияланбаған. Оған 1923 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын талқылаған «Жерлестік» ұйымының: «Мағжанның өлеңдері бұдан былай газет-журнал беттерінде тексерусіз басылмасын. Мағжанның кітабының басылуы мен таралуына себепші болғандар жауапқа тартылсын» деген үкімі өз ықпалын тигізген. Дегенмен ақынмен достық қатынаста болған кейбір сырлас әріптестері оның кейбір шығармаларын бүркеншік есіммен немесе өз аттарынан жариялап, қаламақымен қолдау көрсетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл үлкен еңбекті қажет ететін бейнетті жұмыс. Оған өзге зерттеушілер де атсалысуы қажет.