Мағзұм Мырзағалиев Орал қаласындағы спорт кешенінің құрылысымен танысты

Мағзұм Мырзағалиев
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ

22 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Орал қаласында салып жатқан көпфункционалды спорт кешені құрылысының жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Kazinform.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 9 наурызда Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы аясында іске асырылуда.

Оралдағы спорт кешені
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ

«Ak Su KMG» ЖШС (құрылысты жүргізетін компания) Бас директоры Өркен Бисақаев М.Мырзағалиевке жобаны жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Ө.Бисақаевтың айтуынша, жер қазу және бетон құю жұмыстары толық аяқталды. Металл конструкцияларын монтаждау (11% орындалды), кәріз желілерін салу (30% орындалды), гидрооқшаулау жұмыстары басталды. Құрылыс кезінде кешеннің тиімді, берік әрі эстетикалық дизайнын қамтамасыз ету үшін экологиялық таза материалдар мен техникалық шешімдер пайдаланылды. Жобаны аяқтау мерзімі – 2024 жылдың желтоқсан айы.

Оралдағы спорт кешені
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ

Спорт кешенінде спортшылардың садақ ату, шағын футбол, баскетбол, күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен жаттығуына барлық мүмкіндік жасалады. Ғимарат ішінде жүгіруге арналған 150 метрлік жолағы бар, ядро итеруге, биіктікке, сырықпен, ұзындыққа секіруге, садақ атуға арнайы жабдықталған жеңіл атлетика аренасы салынады.

Сонымен қатар спорт кешенінде 25 метрлік бірнеше жолақты бассейн салу, пневматикалық тир, жартасқа өрмелеу алаңын, үстел теннисін, батут, күрес және бокс залдарын ашу жоспарда бар.

Оралдағы спорт кешені
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ

Құрылыс алаңына барған М.Мырзағалиев «Ak Su KMG» ЖШС басшылығына құрылыстың сапасын қамтамасыз етіп, жобаны уақтылы аяқтауды тапсырды.

Еске сала кетсек, 27 шілдеде ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев және Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Төреғалиев Орал қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын салтанатты түрде бастап берген.

Соңғы жаңалықтар