Мағзұм Мырзағалиев еліміздегі экологиялық проблемаларды атады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде жаңа Экологиялық кодекстің жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы және Қазақстан Президентінің тапсырмаларына сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің жобасын ұсынамыз. Кодекс өңірлерде жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастықпен ауқымды талқылаудан өтті. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің тәсілдеріне сәйкес, сондай-ақ жұртшылықтың пікірін ескере отырып, жаңа құжат дайындауға мүмкіндік берді. Жаңа Экологиялық кодекстің жобасын әзірлеудің негіздерінен бастайын. Елде екі аса өткір экологиялық мәселе бар – бұл қоршаған ортаның сапасы (ауа, су, топырақ) және қатты тұрмыстық қалдықтар», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев құжат жобасын таныстыру барысында.
Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылдың қорытындысымен атмосфераға ластаушы заттардың нақты шығарындылары 2,4 млн тоннаны құрады. Негізгі ластаушылар – бұл ірі өнеркәсіп нысандары, автокөлік және жеке тұрғын үйлер.
«Электр энергетикасына (көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары) шығарындылардың 900 мың тоннасы, тау-кен металлургия секторына – 700 мың тонна, мұнай өндіруге – 500 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына – 300 мың тонна тиесілі. Шығарындылардың жыл сайынғы өсімі байқалады және егер ешқандай шара қабылданбаса, болжам бойынша 2030 жылы ластаушы заттардың нақты эмиссиясы 3,6 млн тоннаны құрайды, яғни олар 10 жылда 1,5 есе өсуі мүмкін», - деді М. Мырзағалиев.