Мағзұм Мырзағалиев жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жарату жолын атады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде жасыл тарифті енгізу кезінде арқылы жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жаратуға болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту үшін біріншіден, Энергетика министрлігі әзірлеген шағын генерацияны орналастыру, атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздерін тұрмыста пайдалану бөлігінде заңнамаға толықтыру енгізуді қолдауы еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының энергия сыйымдылығын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Екіншіден, оның айтуынша, министрлік қоқыстарды кәдеге жарату арқылы электр қуатын өндіріп шығару үшін инвестиция тарту мәселесін қарастырып жатыр.
«Негізгі кедергі инвестициялық тартымдылықтың төмендігі болып отыр. Осы мәселені шешу үшін қоқыс өңдейтін зауыттардан өндірілетін электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жасыл тарифін қолдануды ұсынамыз. Бұл шара полигондарда қоқыстарды көму көлемін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жасыл тарифті енгізу кезінде біз жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жарата аламыз. 1 млн тонна қалдық сыятын полигон – бұл 7,5 гектар жер, немесе 15 футбол алаңы», - деді М.Мырзағалиев.
Бұдан басқа, министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Энергетика министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Қазақстандағы геотермальды көздердің әлеуетін бағалау бойынша жұмыс жүргізген. Нәтижесінде геотермальды көздердің негізінде жылу энергетикасын Алматы және Түркістан облыстарында дамытуға болатыны анықталған.
«Бұл ретте, жалпы жел және күн энергиясы жобаларына әлеуетті инвесторларды тартуға көмектесетін алдын ала инвестициялық зерттеулер жүргізу қажет. Осы жұмыстар бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қажетті қолдау көрсетуге дайын», - деді ол.