«Махаббат шайыры» қыздар ордасында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кешеі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қазіргі қазақ поэзиясының дамуына өз үлесін қосып жүрген ақын, сазгер, драматург Ысрайыл Сапарбаевтың шығармашылығына арналған «Махаббат мәңгі ертегі» атты кездесу кеші болып өтті.
None
None

Бұл туралы «Қыздар университеті медиаорталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу шымылдығы ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы жасалған үлкен экранға қойылған деректі бейнебаянмен басталып, үлкен өнер иесі сахна төріне шақырылды. Арнайы көктем мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған кеште ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, халық арасына кеңінен танымал сазгер әндері орындалды. Қара шаңырақ сахнасында талантты жас әншілер Талғат пен Жанар Ысқақовтардың орындауындағы ақынның сөзіне жазылған «Екеумізде бір бақыт» әнінің тұңғыш рет тұсауы кесілді. Өнер және мәдениет факультетіне қарасты мәдени-тынығу жұмысы мамандығының II және III курс студент қыздары орындауындағы ақын өлеңдеріне құрылған поэзиялық композиция мен арулар қосыла шырқаған попурри жиналғандардың көңілінен шықты. Кеш қонақтары, әрі ел арасына жаңа танымал бола бастаған Ербол Құдайбергенов, Есет Сәдуақасов, Сымбат Мұңатай, Ұлбосын Белғозиева сынды жас әншілер кеш көрігін қыздыра түсті.

Нәзік те қастерлі сезім сырларымен, сағыныш пен мұң аралас іңкәрлік, сүйіспеншілік жырларымен, тылсым да гүлсім иірім-нақыштарымен көпшілікті өзіне баурап алған Ысрайыл ақынның өзі оқыған өлеңдері бәрінен де әсерлі шықты. Сыршыл ақынның талантына тәнті болған ару қыздар ерекше белсенділік танытып, кездесу иесіне жарыса сауалдарын жаудырды. Өз кезегінде сауалдарға әдемі жауап қайтара білген ерекше дарын иесі, өзі алған атақтардың ішінде ең қадір тұтатыны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде алған «Махаббат шайыры» (бейресми) марапаты екендігін де жасырмай жайып салды.

1932 жылғы қазақ жұртының басына төнген ашаршылық нәубетінде қасиетті Түркістан жерінен көрші Өзбекстан жеріне қоныс аударған қандастарымыздың белді ұрпағы, бүгінде Алматы облысы, Қарасай ауданында тұратын лирик ақынмен көзбе-көз кездесіп, онымен сырласуды арман көретін жас буын өкілдері аз емес. Бүгінгі күнге дейін ақынның 150-ге жуық өлеңіне ән жазылып, халық арасына кең таралып кетуінің өзі-ақ, оның халық жүрегінен лайықты орын тапқандығын айқындайды. Кездесуге қатысушылар кеш соңында танымал ақынның қолтаңбасын алып, «101 түн» жыр жинағын және оның өз өлеңдері топтастырылған үнтаспасын алып риза көңілмен тарқасты.

Соңғы жаңалықтар