Махаббатының жауапсыз қалғанына күйзелген семейлік сауда үйіне «бомба» қойған
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғыны жауапсыз махаббат үшін қылмысқа барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бойжеткенге көзі түскен жігіт онымен жақынырақ сөйлескісі келген. Алайда қыздың оған көңілі аумады. Соған қарамастан ер адам ғашығының әлеуметтік желідегі парақшасына күн сайын кіріп жүрді. Бірде ол бойжеткеннің бөгде біреумен шетелде демалып келгенін көрген.
Кеудесін қызғаныш кернеген семейлік әлгі еркекке залал келтіру үшін алдын ала жоспар құрады. Телефон сатып алып сол азаматтың атына тіркейді де жаңа смартфоннан учаскелік инспекторға сауда үйлерінің біріне бомба қойылғандығы туралы хабарлама жібереді. Содан кейін телефон мен сим-картаны өзенге лақтыра салған. Осылайша, ғашығы кездесіп жүрген жігіттің беделіне нұқсан келтіруді көздеді.
«Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Қылмыс жасағаны үшін оған 6 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ер адам пробация қызметінде тіркеуге алынды», - деді пробация қызметінің инспекторы Гүлжан Байдақпаева.