Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі төмендеп келеді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Күні бүгінге дейін көктемгі өр суы Ақжайық ауылына көп көлемде келген болса, бүгінде су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Бұдан бөлек Аққайың және Талдыкөл ауылдарында жағдай тұрақты. Бұл туралы Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы мәлімдеді.

Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі төмендеп келеді
Фото: Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы

Қазір Талдыкөл ауылын тасқыннан қорғау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан орталығымен қатынас үзілмеу үшін автокөлік жолдарын тасқын шаюдың алдын алу жұмыстары атқарылып жатыр. Ауыл айнала бөгетпен қоршалған.



«Ауданымызда 60-тан астам шаруа-қожалық су астында қалды. Қазір шаруагерлер тарапынан тасқыннан зардап шеккені туралы өтініш келіп, оны заң аясында тиісті мамандармен бірге қараймыз. Бір қуанарлығы, аудан бойынша ешқандай тұрғын үй суға кеткен жоқ», - деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.

АнықАйта кетейік, Махамбет ауданында 30 мыңнан астам адам тұрады. Жалпы ұзындығы 80 шақырым бөгет тұрғызылды. Бөгет нығайту жұмыстарына 800 мыңнан астам құм толтырылған қап төселген. 217 бірлік арнайы техника, 3500 ерікті, 650 әскери техника жұмылдырылған.

Бұған дейін Атырау қаласында Жайық өзенінің суы екінші күн қатарынан көтерілмегенін жазған едік.