«Махамбет бабама тиіспеңдерші!»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 29-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 29-ы,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

 

«Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік санында «Қауіптің дені Қытай тауарларынан төніп тұр» деген тақырыппен сұхбат жарық көрді. Екеуара әңгіменің басты кейіпкері елорда тұрғындарының күнделікті тұтынатын тамағы, ішетін суы, пайдаланатын тауарларының құрамы мен сапасын тікелей тексеретін мекеме Астана қалалық санитарлық эпидемиологиялық сараптау орталығының директоры  Забида Аушахметова. Білікті маманның пайымдауынша қытай елінен келетін сүт өнімдерінде химиялық зат болып табылатын меламин бар көрінеді. Құрылыста ғана қолданылатын бұл химикат түрлі бүйрек ауруларын қоздырушы болып табылады. Сонымен қатар көрші елден келетін балалар ойыншықтары да аса қауіпті болып отыр. Ол жайында З.Аушахметова былай дейді: «базарлар мен дүкен сөрелеріндегі арзанқол әрі сапасыз қытай ойыншықтары бас айналдыратын жағымсыз иіспен қоса, адам ағзасына зиянды бу бөледі екен. Ойыншықтардың ішінде стирол, фенол, мырыш пен қорғасын сияқты заттар болады. Ойыншықты ауызына салған баланың ағзасына зиянды фенол енуі мүмкін. Бұл сәбидің иммунитетін әлсіретеді».

Осы басылымның айқара бетінде «Қаламыздың әуе қақпасы» атты көлемді мақала берілген. Онда Ақмолада алғашқы әуежай 1930 жылы салынғаны, онда қандай ұшақтар қызмет көрсеткені айтыла келіп, қазіргі заманауи келбетке ие болған Астана халықаралық әуежайына кеңінен тоқталған. Сонымен қатар жарияланымда осы мекеменің басшысы Айбол Бекмұхамбетовпен оның орынбасары Сейіл Қыпшақбаевтың пікірлері қоса берілген.

 «Астана ақшамы» газетінің «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында қала әкімі И.Тасмағамбетов елорда тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарына тұшымды жауап берген.

«Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары аяқталды. Қазақстан Сенатының төрағасы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының профессорлық-оқытушылар құрамы және тыңдаушыларымен кездесті», деп жазады «Айқын» газеті. Спикердің көрші елге жасаған сапары жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның бейсенбілік санында жарық көрген «Тоқаевтың Мәскеу сапарына зор маңыз берілді» деген тақырыптағы мақаланы оқыңыз.

«Артық астықты өткізуге қосымша қаржы керек». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада ел Үкіметі астықты экспортқа шығаруды мемлекеттік қолдау бағытында шаралар қабылдау үшін қосымша қаражат бөлу туралы Парламент ұсынысын қолдайтындығы жазылған. Бұл мәліметті кеше Мәжілісте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов жариялаған. Министрдің айтуынша, «Қорғас» шекаралас елдердің халықаралық ынтымақтастық орталығын дамытуға жұмсалатын шығындар қысқартылып, нәтижесінде одан 5 миллиард теңге Үкімет резервіне құйылады екен. Осы қаражат диқаншылардың астығын өткізуге бағытталмақ.

Осы басылымда эфирге шыққанына көп бола қоймаған «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков сұхбат беріпті. Әңгіме барысында «Отбасы құндылықтары жөнінде де хабар жасау ойда бар. Біздің телеарналардың кемшілігі - отбасын психологиялық, педагогикалық басқа да ғылымдар саласы, қоғамдық  пікір тұрғысынан қарастырады.  Ал шын мағынасында адамды жаратқан, отбасын құрған, атам қазақ та айтпай ма «құданы құдай қосады» деп, яғни құдандаласуымыздың өзі бір Жаратушыдан екенін мойындатқан, Алланың діні тұрғысынан қарастыратын хабарлар жоқ», депті телеарна директоры. Сұхбат барысында айтылған жайттармен  «Айқынның» бейсенбілік санында «Адамдардың қателікке ұрынуы - дұрыс насихаттың жоқтығынан» деген тақырыппен берілген сұхбаттан  таныса аласыздар.

 «Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап орта мектептер бағдарламасына «Дінтану негіздері» атты жаңа пән енгізуді қолға алды. Министр Жансейіт Түймебаевтың сөзіне сенсек, бұл «дүние жүзінде діни экстремизмнің белең алуына байланысты» туындаған қажеттілік екен» алайда, бағдарламасы толыққанды түзілмеген, оқулығы жазылмаған жаңа пән түрлі қоғамдық пікірлердің туындауына түрткі болуда. Жуырда «Темірқазық» пікірсайыс клубының кезекті басқосуына да осы тақырып арқау болған еді», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Басылым «Зайырлы мемлекет» деген «атеист мемлекет» дегенді білдірмейді» деген тақырыппен аталған басқосуға қатысқан Әділет министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының қызметкері Нұрлан Мансұровтың баяндамасын, сондай-ақ «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтің, философия ғылымының докторы Асан Омаровтың және жазушы Толымбек Әбдірайымның пікірлерін беріпті.

 Осы басылымда «Ұлт бірлігінің ұйытқысы» атты тақырыппен мақала жарық көрді. Мақаланың өзегі - таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясындағы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың баяндамасы.

«Қазақ эстрадасында көрермен қауымның көзайымына айналған ерлі-зайыпты әншілер, жұлдызды жұптар жетерлік. Осыған байланысты «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген қазақы мәтелді алға тартып,олардың өмірінің көлеңкелі тұстарын көруге тырысатындар аз емес. Біз бір шаңырақ астында екі жұлдыздың  жарасым табуы қаншалықты қиын?» деген сауалға жауап іздеп көрдік» деп жазады «Нұр Астана» газеті.  Басылымды толғандырған сауалға қазақ эстрадасының жұлдыздары тұщымды жауап берген. Мақала газеттің бейсенбілік санында «Әнші мен әнші қосылса...» деген тақырыппен жарық көрді.

«Махамбет бабама тиіспеңдерші!». Осы тақырыппен «Алтын орда» апталығының бүгінгі санында Батыс Қазақстан облыстық қазақ театрының директоры Құжырғали Төлеуішевтің  көлемді мақаласы жарық көрді. Онда Махамбет бабамыздың екі ғасырға жуық ұлтына ұран болып, алмас қылыштай алып түсетін ғазауат жырлары талай қазақтың жанына рух болып дарығаны, торыққанға талпыныс, қорыққанға құлшыныс болғаны айтыла келіп, қазіргі уақытта кейбір тарихшыларымыздың жаңсақ пікірлер айтып жүргеніне қынжылыс білдірген. Автор мақаласын «Мүмкін. Бәрі мүмкін. Тек менің Махамбет бабама тиіспеңдерші? Тірісінде таупиық көрмеген жаны тыныш болсын, өлгенде сүйегін жинай алмай шырылдаған аруағы байыз тапсын! Махамбеттің бейітін жүз жылдан кейін іздеген халықпыз ғой. Бір кезде оның рухын да іздерміз! Қазаққа Махамбеттер әлі  керек болар! Махамбетке де, Махамбеттерге де тиіспейікші», деп түйіндепті.

 Осы басылымның жазуынша, қолының жымқырмасы бар шенеуніктер 3 жылдың ішінде қазынадан 23 миллион теңге үптеп кеткен. Осы уақыт аралығында 257 сыбайластық қылмыс жасалып, 138 мемлекеттік қызметкер сотталды, 514 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ең сорақысы сол, жыл аяғына дейін жемқорлық деңгейі әлі де 17 пайызға арта түспек. Келтірілген деректер жайында толық мағлұмат білгіңіз келсе «Алтын орда» басылымының бейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Жемқорлардың «крышасы» кім?» атты мақаланы оқыңыз.

 Таяуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқыған Елбасы Н.Назарбаев білім мен ғылым саласында еліміз күтетін басты мәселелерді адам көрсетті.  «Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің, ғылыми жүйенің парадигмасы өзгеретіндігін айтқан. Дамыған елдерде қолданбалы ғылым өндіріс пен бизнестің дамуына қызмет жасайды. Бұл ретте, өзара қолдау және идеямен байыту үдерісі жүріп отырады» деген Елбасының сөзі келтірілген «Казахстанская правда» газетіндегі «Президент басымдықтарды атады» деген тақырыптағы мақаладан ғылым-білімді дамыту төңірегіндегі ой-пікірлерді оқуға болады.

«Экспресс-К» газетінің бірінші бетінде «Ішкен жақсы. Ал жақсы ішу - одан да жақсы» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Автордың пайымдауынша, жан басына шаққанда 8 литр алкогольді ішімдік тұтынғанда халықтың азғындауы басталады екен. Ал Қазақстанда бағалаушылардың келтірген мәліметтеріне қарағанда 12 литр ішімдік ішіледі. Дегенмен елімізде алкогольдің тұтынылуына қатысты сенімді статистика жоқ, бірақ медицина қызметкерлері алаңдаушылық танытып отырған көрінеді.

«Астық жоғалмайды», деп жазады «Известия-Казахстан» газеті. Қазақстан Үкіметі астық экспортын мемлекеттік қолдау үшін қосымша қаржы бөлу туралы депутаттардың ұсынысын қолдауға шешім қабылдаған және осы мақсатқа бюджеттен 5 миллиард теңге бөледі. Бұл жайында кеше Мәжілістің жалпы отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім еткен. Ал ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев журналистерге өзі басшылық жасайтын ведомство шаруа қожалықтарынан 3 миллион тонна астықты қосымша сатып алу туралы ұсынысты қарастыруды ұсынып отырғанын атап өткен. Осылайша ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алу 6 миллион тоннаға жетуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар