Махамбет десе, рух тұрады, ерлік тұрады - Ақұштап Бақтыгереева

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Махамбет десе, рух тұрады, ерлік тұрады. Кеудемізде, жүрегімізде бабалардан қалған рух болса ғана жаңғырамыз. Ол рух - біздің ұлттық код. Бұл туралы Қызылқоға ауданы орталығы Миялы ауылында оқырмандарымен жүздескен ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Аудандық «Арман» мәдениет үйінде өткен «Ақ Жайықтың ақын қызы» атты кеште ақын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған өзекті ойларды жалғастырып, ұлттың рухын жаңғырту, ұрпақ тәрбиесі жөнінде тебірене сыр шертті.
null

«Рухани жаңғыру дегеніміз не? Ол жай айтыла салған сөз емес, ол - туған жерді қастерлеу, анаңды қадірлеу, бабалар ісіне сай болу. Біз бүгін қайта жаңғыруда нені айтамыз, ел тарихында өшпес із қалдырған бабаларымызды айтамыз, солармен мақтанамыз. Том-том тарихымызды білмесек, қадіріне жетпесек, қайта жаңғырмаймыз. Абайдай данышпан бабамыздың: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның, білсеңіз» деген парасатты ойларын есте ұстап, содан қорытынды шығарып, жаманнан жиренбесек, біз ұтпаймыз. Ұлттық код деген, міне, сол. Ұлттық код Қаройда өз қазағы барып, шайын ішіп болған соң, басын кесіп алған Махамбет. Махамбет десе, рухымыз сілкінеді. Махамбеттің ұрпағымыз десек, міне, бұл ұлттық код болмақ. Ұлттық код - Қызылқоғамен мидай араласып жатқан Қаратөбе өңірінде алты алашқа ән оздырып, «Айнамкөзін» әуелеткен Мұхит. Әнінде өмір бар, өнер бар, мұң бар. Дарынды дала бұлбұлын: Іңккәрлік онда елден ала бөлек, Даусы да, келбеті де дара дер ек. Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек, Мұхитты шырқау үшін дала керек, деп жырлағанымдай, ұлттық код - ол біздің кең байтақ даламыз. Жалпы, қазақ даласының киесіз жері жоқ. Қызылқоғаны айтсақ, осы өңірден түлеп ұшқан академик Салық Зиманов пен Зейнолла Қабдоловтай дарабоздар есте тұрады. Сондай біртуар дарындар өткен осынау кеңістікте боз дала, саған үн қатқандай болады. Сол боз даланың үстімен кімдер өтпеді дейсің! Азаттық үшін алысқан Алаш қайраткерлері, кешегі Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов сол боз даланың қыраны емес пе еді! Ендеше, боз жусанды даламен жай ғана жүріп өтуге болмайтындығын сезінесің. Боз жусан дала, боз белдер, Құландар еркін кезген жер. Маңқиған дала - мінездің Қадірін аздау сезгендер. Олай болса, әуелі туған жердің қадірін білейік. Бірлігімізді бекемдейік. Осынау сапардың мақсаты да осы. Екі облыс бірігіп, экономикалық және мәдени байланыстарымызды бекіте түсейік», - деді Ақұштап Бақтыгереева.
null

Шара барысында Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов рухани кеш сыйлаған мәртебелі мейманға шынайы ризашылығын жеткізді. Ақын өлеңдері оқылып, рухты әндер асқақтады.

Қаратөбе, Сырым, Қызылқоға аудандарының әкімдері Асхат Шахаров, Абат Шыныбеков, Мақсот Мұқанов өзара кездесу кезінде бірқатар нысандарды аралап, ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында келелі мәселелерді талқылады. Үш аудан арасында тарихи сананы жандандыру, әріптестік байланысты өрістету, бірлесіп жұмыс жасау мақсатында меморандумға қол қойылды.  Бұл Елбасы бастамасымен қолға алынған жоба, бағдарламалардың жүзеге асырылуына серпін бермек.
null

Соңғы жаңалықтар