Махамбет Досмұхамбетов: Атырау өңірінде жыл сайын 100 мың тал егеміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдан бастап Атырау өңірін көгалдандыру жұмыстарына ірі мұнай-газ компаниялары жұмылдырылады.

Махамбет Досмұхамбетов: Атырау өңірінде жыл сайын 100 мың тал егеміз

Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдан бастап орман қоры мен елді мекендердің жерін қоса алғанда 6 мың гектарды көгалдандыру және көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу үшін ірі мұнай-газ компанияларын тарту жоспарланып отыр. Көгалдандыру жұмыстары 3 жылдан 10 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған. Ол барлық аудандарда жүргізіледі. Бұл жыл сайын 100 мыңға дейін көшет отырғызуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, біз Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдің экологиялық өзекті проблемаларын шешу жөніндегі жол картасын әзірледік», - деді өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, жол картасы қоршаған орта сапасын жақсарту бойынша барлық саланы қамтитын 40 тармақтан тұрады.

«Жайық өзенін сақтау және тиімді пайдалану мәселесі өткір тұр. Оның ағының шамамен 80 пайызы көршілес Ресейде қалыптасады. Сондықтан өзенің төменгі сағасында орналасқан өңір жоғары жақтағы ірі су қоймалары мен гидротехникалық құрылғыларға тәуелді болып отыр. Соңғы 2 жылда ағын көлемі 3 есеге жуық қысқарып кетті. Сондықтан Жайық пен Қиғаш өзендерінің 200 шақырымында бірнеше жыл бойы өзен табанын тереңдету жұмыстары жүргізілуде», - деді ол.