Махмұт Қасымбеков: Қазақстанның төрткүл дүниеге танылуы Елбасының есімімен тікелей байланысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ бүгіннен басталады» деген ұлағат - Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси философиясының негізін құрайтын тұжырымдарының бірі. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақаласында айтылған.
«Елді дамыту ісіндегі стратегиялық жоспарлау - мемлекеттік басқару мен тиімді саяси көшбасшылықтың маңызды функциясы. Мақсаттарды айқындау, міндеттерді белгілеу, оларға қол жеткізудің тетіктері мен алгоритмін әзірлеу әрдайым мемлекет пен оның көшбасшысының айрықша құзыреті саналады. Елбасы мұның өзара тығыз байланысты дүние екенін жақсы біледі.
«Болашақ бүгіннен басталады» деген ұлағат - Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси философиясының негізін құрайтын тұжырымдарының бірі. Тұңғыш Президент жауапты саяси қайраткер және Елбасы ретінде әрдайым уақыттан озық жүретін және келешектің көкжиегін кеңейтетін шешімдер қабылдап, идеялар ұсынып отырды. Елбасы көтерген бастамалар еліміздің XXI ғасырдағы дамуы мен жасампаздығына бағытталған өркендеудің стратегиялық бағытын айқындады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз зияткерлік қызметінің нәтижесінде ондаған кітаптар мен доктриналар, тұжырымдамалық және бағдарламалық мақалалар жарыққа шықты. Ол еліміз бен жалпы адамзаттың келешектегі келбетін қалыптастыратын серпінді жобалар мен бағдарламаларға бастамашы болды», - дейді М.Қасымбеков.
Оның атап өтуінше, Елбасы дәйекті түрде ұсынған стратегиялық құжаттардың бәрі басқарушылардың жаңа буыны үшін бағыт-бағдар береді.
Бұл құжаттар мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мақсаттарының берік негізін айқындап, еліміздің XXI ғасырдағы дамуының барлық басты бағыттарына қатысты Тұңғыш Президенттің жаһандық көзқарасын танытады.
«Заманауи цифрлы өркениет жағдайында халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің өткізілуі әлемдегі жаңа технологиялық трендтерді үйлесімді игеруге және оған қатысуға мүмкіндік берген Қазақстанның бастамасы еді. Оған 4 миллионға жуық адам, соның ішінде әлемнің 187 елінен 600 мыңнан астам турист келді. ЭКСПО-2017 елімізді және Қазақстан ұлттық брендін жаһандық кеңістікте инновациялық тұрғыдан ілгерілетудің жаңа белесі болды.
Жаһандану үдерісінің қарқынды жүруі және мемлекеттік шекаралардың жойылуы ұлттық біртектіліктің күшейе түсуін талап етеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қамтылған идеялардың негізінде ұлттың рухани-мәдени кодын дәйекті түрде зерттеу және дамыту халқымыздың жасампаздық әлеуетін айтарлықтай арттыруға жол ашады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру ұлттың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейту ісіне зор үлес қосады. Сондай-ақ бұл шара Қазақстанның әлемдік ақпараттық-мәдени және ғылыми кеңістікке енуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Жастар - келешектің басты активі. Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым көпқырлы әрі жүйелі түрде жоспарланған жастар саясатын жүргізді. Бұл стратегиялық тәсіл елімізді әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына қоса алатын, білімі терең жас патриоттардың мықты шоғырын қалыптастыруға мүмкіндік берді», - дейді ол.
Мақалада атап өтілгендей, кез келген істі бастау оңай емес. Себебі көш бастаушылар негізінен тәуекелге барып, тұманнан жол табады. Адамзат тарихында азаттық пен тәуелсіздіктің шынайы дәмін татпаған, дағдарыстар мен дүрбелеңдердің шырмауынан шыға алмаған елдер көптеп кездеседі.
«Тұңғыш Президенттің саяси даналығының, сарқылмас күш-қуатының, қайтпас ерік-жігері мен көрегенділік қабілетінің арқасында бағыт-бағдарымызды айқындап, егемендіктің даму жолымен нық жүріп келеміз.
Ғаламдық ауқымда ойлайтын, нақты істермен айналысатын, прагматик, жаңашылдыққа әрқашан ашық, нағыз патриот, ынтымақтастыққа ұмтылатын басшы кез келген халықтың пешенесіне жазыла бермейді.
Нұрсұлтан Назарбаев - өз заманынан оза туған, ойлары әрдайым батылдығымен және жаңашылдығымен ерекшеленіп, таңғалдыратын жаһандық деңгейдегі аса көрнекті мемлекет қайраткері.
Ол - мемлекеттік институттары берік, экономикалық іргетасы мықты және белсенді әрі өміршең қоғамы бар заманауи Қазақстанның негізін қалаушы әрі жасампаз тұлғасы. Еліміздің төрткүл дүниеге танылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Бұл - Тұңғыш Президенттің сіңірген зор еңбегінің жемісі. Оның алып тұлғасына уақыт пен өмірдің өзі жоғары баға берді.
Біз Назарбаевтың дәуірімен мақтана аламыз. Бұл кезеңде ең бастысы - мемлекеттілікті, тіліміз бен төл мәдениетімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ еркін ойлауға және жаңаруға, үнемі даму мен жетілу үшін шабыт алуға, жаңа әрі одан да биік шыңдарды бағындыруға жол ашылды», - деп түйді автор.