Мақаншыда да жолға қызыл су жайылып, көлік қозғалысына тыйым салынды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысының Мақаншы ауданындағы жағдай бойынша мәлімет таратты.

Мақаншы ауылынан 11 шақырым жерде, облыстық маңызы бар «Мақаншы-Жалаңашкөл» автожолында қардың қарқынды еруіне байланысты жол төсемі арқылы еріген қар суы жолға жайылды.
Көлік қозғалысы тоқтатылды, айналма жолдар бар.
Полиция департаментінің күшімен айналма жол арқылы жүруге болады, тыйым салу белгілері қойылды.
«Ярус» ЖШС жол қызметі мониторинг жүргізіп жатыр. Елді мекендерді су басу және жолдың шайылу қаупі жоқ. Тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті жерде 50-ге жуық адам және 4 техника жұмыс атқарып жатыр. Қосымша Аягөз қаласының жедел-құтқару жасағының және Мақаншы ауылының № 18өрт сөндіру бөлімінен күш-құралдары, жеке құрамнан 12 адамы, 7 техника жіберілді» деп хабарлады ТЖМ.
Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин мен Үржар ауданының ТЖБ бастығы Бектығазы Саянов оқиға орнында. Жағдай бақылауда.
Абай облысы ТЖД-дан 25-ке жуық адам, 10-ға жуық техника оқиға орнына аттанды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тарбағатайда қар еріп, Таскескен-Бақты жолын су басқанын хабарлаған едік.