Мақаншы мен Абыралы қашан аудан болады – Абай облысы әкімінің жауабы

«Былтыр тамыз айында Үржар ауылына бардым. Сол кезде Мақаншы ауылының ақсақалдарымен кездестім. Олар «Қашан Мақаншы бөлек аудан болады?» деген мәселе көтерген болатын. Мен сол кезде айтқанмын. Ең бірінші мәселені зерттеп, бүкіл құжаттарын Үкіметке жіберуіміз керек. Себебі ол қолма-қол шешілмейтін мәселе ғой. Біз осы жұмысты істеп, құжаттарды жинап, Үкіметке жібергенбіз. Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы айналысып жатыр», - деді ол.
Облыс әкімі Абыралы ауданы қайтадан құрылса, Семейге қосылған ауылды елді мекендердің бәрі сол ауданға жатқызылатынын айтты.
«Абыралы бойынша айтсақ, былтыр бұрынғы Абыралы ауданының тумаларымен кездестім. Оларға да «зерттейік, көрейік» дегенді айтқанмын. Себебі шешім қабылдайтын мен емеспін. Бірақ бүкіл жұмысты жасаймыз, дайындаймыз. Мен сізге жауап берейін. Жұмыс тобы құрылды. Кішкене шыдайық. Көп болса 1-2 айдың ішінде шешіледі. Бірақ сізге мынаны айтқым келеді. Бұрынғы Абыралы ауданында қазір көп болса 4 мыңға жуық адам ғана тұрады. Ал 4 мың адаммен аудан ашылмайтынын білесіз. Сондықтан аудан ашылып жатса, бүкіл Семейге қарайтын ауылдық елді мекендерді қосып, бұрынғы Жаңа Семей ауданы секілді бір аудан ашылады. Осындай жұмыс жасалып жатыр», - деді Нұрлан Ұранхаев.