Мақаш Тәтімовтың «Зұлмат пен зардап» деп аталатын жаңа кітабы жарық көреді

АЛМАТЫ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов Қазақстандағы 1932 жылғы ашаршылық туралы «Зұлмат пен зардап» деп аталатын жаңа кітабын жазып бітті.
None
None


Оны  Орталық Азия университетінің ректоры кеше Алматыда «Елбасы және ел саны» деген кітабының тұсаукесерінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1932 жылғы ашаршылық қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең үлкен қасіреті. Оны айтпай кетсек, бізден кейін ешкімге керек болмай қалады. Сондай-ақ оған дұрыс баға берілмей қалуы да мүмкін. Мәселен, Украинада болған геноцид туралы украиндар 27 елді мойындатты. Армяндар  да өз трагедиясын әлемдік деңгейге көтерді. Біз болсақ, әлі күнге дейін 1932 жылғы ашаршылыққа саяси баға да бермедік, көрсете де алмай отырмыз. Бұған   тарихшылардың  да, жазушылардың  да кінәсы   бар. Қазір 31-ші мамырды атылып-асылғандар мен қуғын-сүргінге  ұшырағандардың қайғы-қасіретін еске түсіруге ғана айналдырып жібердік. Атылғандар мен қуғын-сүргінге ұшырағандар  ашаршылықтан қырылғандардың 1 пайызы ғана. Олардың көбінің атақ-дәрежесі бар. Ал ашаршылық құрбаны болған бала-шаға, қатын-қалаш, кемпір-шал атаусыз қалып бара жатыр», дейді Мақаш Тәтімов. Бұған жаны жабырқап, жүрегі ауырып жүрген ғалым оны ғылыми сараптамадан өткізіп, оқырман назарына  ұсынуды өз парызы санап отыр. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді деп жоспарланған жаңа еңбектің қолжазбасы қазір «Арыс» баспасына ұсынылды. Сондай-ақ оның кейбір үзінділері «Ақиқат», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында жарық көре бастады. Баспа директоры Ғарифолла Әнестің сөзіне қарағанда,  оқырман енді бұл   кітаппен күз айында қауышпақ.

Соңғы жаңалықтар