Макрон АҚШ пен Иранды тез арада келісімге келуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді жедел аяқтап, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға шақырды, деп хабарлайды Синьхуа.

Макрон
Фото: Anadolu

Макрон бұл туралы Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Оман сұлтаны Хайсам бен Тарек Әл Саид, БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян және Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сисимен жүргізген келіссөздерінен кейін мәлімдеді.

Франция басшысының айтуынша, барлық көшбасшыға бірдей үндеу жолданып, АҚШ пен Иранның мүмкіндігінше тезірек ортақ келісімге келуі қажет екені айтылған.

Макронның пікірінше, қазіргі басты міндет — атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету және халықаралық құқыққа сәйкес Ормуз бұғазын ешқандай шартсыз ашу. Осыдан кейін Иранның ядролық және зымыран бағдарламалары, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық мәселелері бойынша жан-жақты әрі ұзақмерзімді келісімге қол жеткізу үшін келіссөздерді жалғастыру қажет.

Ол сондай-ақ Франция Ұлыбританиямен бірлесіп жетекшілік ететін көпұлтты бастама аясында Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Бұдан бұрын Иран Оманмен Ормуз бұғазын басқарудың жаңа тәсілі жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын жазғанбыз.