Макрон Франциядағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды жазалауға уәде берді
АСТАНА. IKAZINFORM — 17 қазанда, сенбі күні Францияның ірі қалаларының басым бөлігінде жаппай тәртіпсіздік болды. Осы оқиғаларға байланысты ел президенті Эмманюэль Макрон әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
— Біздің республикада зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Ғимараттарды қиратқан, префектуралар мен дүкендерге шабуыл жасаған, тіпті әкімдіктерді тонаған адамдар жауапқа тартылып, жазаланады. Демонстрация өткізу құқығын қорғауға міндетті күштік құрылымдарға халықтың қолдауын білдіремін. Мемлекеттік институттарды қиратуды ғана көздеп, өз талаптарын бейбіт түрде білдіргісі келетін адамдарға кедергі келтіретін бүлік шығарушыларға қарсы бәріміз бірлігімізді көрсетеміз, — деп жазды Эмманюэль Макрон.
Бұл мәлімдеме жаппай наразылық акциялары өткеннен кейін жасалды. Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, шерулерге шамамен 550 мың адам қатысқан. Ал ұйымдастырушылар қатысушылар саны 800 мыңға дейін жеткенін айтады.
Париж, Лион, Марсель және Лимож қалаларын қоса алғанда, бірқатар елді мекенде бейбіт шерулер соңы жаппай қирату, өрт қою және дүкендерді тонауға ұласты. Париждің орталығында тонаушылар көптеген дүкен мен сауда орталығын ойрандады.
Лимож қаласында тәртіпсіздік кезінде бір топ адам шабуыл жасағаннан кейін тарихи әкімдік ғимаратынан өрт шықты. Жалын ғимараттың бір қанатын шарпып, шатырға дейін жетті. Кейін құрылыстың бір бөлігі опырылып түсті. Сағат 20:00 шамасында өрт сөндірушілер жалынның бүкіл ғимаратқа таралуына жол бермеуге тырысты. Лимож қаласындағы тарихи әкімдік ғимараты 1883 жылы пайдалануға берілген. Ғимараттың сәулеттік шешіміне Париждегі әкімдік үлгі болған. Өрт болып жатқан жерге жүздеген адам жиналып, оқиғаны бақылаған.
17 қазан кешінде Марсель қаласының орталығындағы Centre Bourse ірі сауда орталығы да жаппай тоналды. Куәгерлердің хабарлауынша, сағат 20:50–ге қарай орталық түгелдей дерлік тоналып, оның ішінде бірнеше жүз адам болған.
Күні бойы қалада өрт қою, қақтығыстар мен дүкендерге шабуыл жасау оқиғалары да тіркелді. Бұған дейін бетперде киген бір топ адам әкімдік ғимаратына басып кіріп, ішкі жабдықтарды бүлдіріп, Марианна бюстін құлатқан. Марсель қаласының мэрі Бенуа Пайан зорлық-зомбылықты айыптап, ұсталғандар саны туралы есеп беруді талап етті. Оның айтуынша, Макрон қалаға қосымша полиция күштерін жіберуге уәде берген.
Алдын ала мәлімет бойынша Франциядағы тәртіпсіздіктер кезінде шамамен 400 адам ұсталды.
Әділет министрі тәртіпсіздікке қатысқандарды қатаң жазалауды талап етті
Францияның әділет министрі Жеральд Дарманин елде болып жатқан оқиғаларды «ауқымы бұрын-соңды болмаған қалалық зорлық-зомбылық» деп сипаттады.
— Бүгін кештен бастап, соңғы 48 сағатта берген нұсқауларымды басшылыққа ала отырып, барлық бас прокурор мен айыптаушыны елімізді жайлаған зорлық-зомбылықтың деңгейіне сай барынша қатаң құқықтық шаралар қолдануға тағы да шақырдым, — деді әділет министрі.
Францияның премьер-министрі Себастьян Лекорню ішкі істер министрлігінде ведомствоаралық дағдарыс штабын құрды. Оның жұмысына әділет министрі Жеральд Дарманин мен ішкі істер министрі Лоран Нуньес қатысты.
Билік өкілдері әлеуметтік талаптарын бейбіт түрде жеткізген шерушілерді дүкендерді тонап, ғимараттарды қиратқан топтардан ажырата білу қажет екенін атап өтті.