Макрон: Газа бейбіт тұрғындары шеккен азап аяқталуы тиіс

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция басшысы гуманитарлық көмекті жеткізу үшін өткізу бекеттерін ашуға шақырды, деп жазды Анадолы.

Макрон
Фото: Анадолы

Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың шеккен азабы тоқтауы тиіс. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесу барысында айтты.

Макрон өзінің X (бұрынғы Twitter) платформасындағы мәлімдемесінде Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

Ол Францияның Израиль мен оның азаматтарының қауіпсіздігін қолдайтынын растады, бірақ: «ХАМАС-ты қарусыздандыру — маңызды басымдық, дәл сол секілді барлық тұтқындарды босату да маңызды», — деп атап өтті.

Макронның айтуынша, тұтқындарды босатудың жалғыз жолы — оқ атуды тоқтату.

Франция президенті гуманитарлық көмек жеткізу үшін барлық өткізу бекеттерін ашудың бейбіт тұрғындар үшін өмірлік маңызы бар екенін де айтты.

— Мен өз басым Египеттегі Эль-Ариш қаласында гуманитарлық көмектің шекараның екінші жағында бөгеліп тұрғанын көрдім. Бұл көмек мүмкіндігінше тез жетуі тиіс. Газа тұрғындарының азап шегуі тоқтау керек, — деді Макрон.

Сондай-ақ, ол бұл аймаққа шұғыл түрде бейбітшілік қажет екенін атап өтті.

Әңгіме Израиль премьер-министрінің ұлы Яир Нетаньяхудың Франция президентіне қатысты айтқан қорлау сипатындағы сөздерінен кейін туындаған жанжал аясында өрбіді.

Макрон Палестинаны мойындау мүмкіндігін айтты.

Бұған дейін Египетке жасаған екі күндік сапардан кейін France 5 телеарнасына берген сұхбатында Макрон:

Франция Палестинаны мойындау бағытына қарай жылжуы керек, әрі бұл алдағы айларда жүзеге асуы мүмкін екенін жеткізді.

Ол бұл қадамды Сауд Арабиясымен бірлесіп өткізілетін екі мемлекет қағидаты бойынша халықаралық конференция аясында іске асыруға ниетті екенін айтты.

2023 жылғы 7 қазанда Израильдің Газаға жасаған шабуылынан бері Испания, Норвегия, Ирландия, Словения, Армения, Багам аралдары, Тринидад және Тобаго, Ямайка және Барбадос сынды елдер Палестинаны ресми түрде мойындады. Осылайша, Палестинаны мойындаған елдердің саны 146-ға жетті.

Израиль премьер-министрінің ұлы Яир Нетаньяху Макронның Палестинаны мойындау туралы мәлімдемесіне X желісінде қатқыл реакция білдіріп, «Тозаққа түс!» деп жазған еді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Макрон «Палестинаны мемлекет ретінде мойындауымыз әбден мүмкін» деп мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар