«Мақсат - Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындау» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 9-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Мақсат - Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындау». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақала Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапарына арналған. Басылымның атап өтуінше, Премьер-Министр аталған облыстағы бірқатар шаруашылықтар мен кәсіпорындарға ат басын бұрып, еңбек ұжымдарымен кездескен. Сапар мақсаты - Елбасы тапсырмаларының жергілікті жерлерде қалай атқарылып жатқанын көру. Олардың ішінен аса маңызды төрт жобаны: «Жол картасы», индустриялық-инновациялық, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты бағдарламаларды бөліп айтар едім. Қызылжар өңірінде жасалып жатқан жұмыстар сан-салалы, көңіл көншітеді. Оған көзім анық жетті. Алдағы тұрған міндеттер одан да зор. Нендей істі қолға алсақ та түпкі нәтижесін халық сезінетін болсын», дей келіп, Премьер-Министр жергілікті билік орындарының жұмысына оң баға берген. Үкімет басшысының жұмыс сапары жайында басылымның бүгінгі нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Осы күндері ОАР-де өтіп жатқан әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. Енді екі күннен кейін бір ай бойы миллиондаған жанкүйерлердің ұйқысын бөлген дүбірлі доданың ең үздік командасы анықталады. Бұл мәртебелі атақты сәрсенбі күні екінші жартылай финалдық матчта Германияны жеңген Испания құрамасының Голландиямен сарапқа салатыны белгілі. Осыған орай футбол жанкүйерлері үшін «Егемен Қазақстан» газеті «Испания - тұңғыш рет финалда» деген тақырыппен мақала басып отыр. «Әлем чемпионаты басталысымен қос команда да осал еместігін дәлелдеп келеді. Әсіресе, Голландияның биылғы жарыстағы нәтижелері назар аударарлықтай. Осы жылғы дүбірлі доданың ысқырығы естілісімен олар қарсыластар қақпасына 12 доп соғып, өздеріне 4 доп жіберіп алыпты. Ал Испанияның доп айырмашылығы - 7:2. Оның үстіне «қызыл фурея» өзінің алғашқы ойынында Швейцария­дан жеңіліп қалса, Голландия құрамасы ойындардың бәрін жеңіспен аяқтапты. Тағы бір айта кететін нәрсе, екі команда да әлем чемпионаттарының тарихында ешқашан бас жүлдені жеңіп алған емес. Бірақ екеуі де мұндай додаларда лайықты деңгейде өнер көрсетіп келе жатқан құрамалар болып саналады», деп жазады басылым.

«Ағылшын саяси өмірбаяншысы Джонатан Айткеннің «Nazarbayev and the Making of Kazakhstan» атты кітабы «Kazakistan in Efsanevi Lideri» (Қазақстанның аты аңызға айналған Президенті) атауымен Ыстамбұл қаласында түрік тілінде жарық көрді және оның тұсаукесер рәсімі Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен «Туркуаз» баспасының бірлесе ұйымдастыруымен жақында «Чыраған» сарайында өтті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде жарияланған «Түркі әлемін біріктіруші тұлға» атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, Дж.Айткен кітаптың түрік тіліне аударылғанына қуанышын жеткізе отырып, Н.Назарбаев туралы кітапты қолына алуының басты себептеріне қысқаша тоқталған. «Біріншіден, мені Н.Назарбаевтың таңқалдырарлық өмір жолы өте қызықтырғанын айтуыма болады. Бұл - кішкене ауылдан басталып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы Н.Назарбаевтың бүгінгі орнына дейін әкелетін жол. Екіншіден, Қазақстан басшысының дипломатиялық өнері мен шеберлігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары барлық көршілерімен шекарасы бекітілмеген мемлекет еді. Бір мемлекеттің ешбір қақтығыссыз шекарасын бекітуі оңай нәсе емес, дегенмен, Қазақстан өзі секілді жаңадан тәуелсіздікке қол жеткізген көрші елдермен қатар, Ресей, Қытай секілді ірі мемлекеттермен де шекарасын нық бекітіп, халықаралық сахнада өзінің орнын таба білді. Үшіншіден, Н.Назарбаевтың саяси карьерасы. Сонау Дж.Кеннеди мен Н.Хрущевтің кезінен бастау алған әлемдегі бірден-бір саясаткер десем жазбайтын шығармын. Дәл сол кезде енді ғана комсомолға кіріп, саясатқа қадам басқан жас жігіт Н.Назарбаев саясаткер ретінде қалыптасып, саяси карьерасы бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Бұл оқиғалардың қызықтыратыны сөзсіз», депті Дж.Айткен.

***

«Қор нарығына шығу үшін миллионер де, миллиардер де болудың қажеті жоқ. Бұған тек талап, ізденіс және шыдам қажет». Бұл пікірді «Алаш айнасы» газетіне құнды қағаздар нарығының дамуы жөнінде сұхбат берген Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейісов білдірген. Оның сөзіне қарағанда, қазір мемлекет қор нарығына шығып, пайда көруге бар жағдай жасап отыр. Енді 7-8 пайыз депозиттен түскен табыс жеткілікті ме, әлде акция сатып ала ма, әркім өзі шешеді. Акция сатып алған адамның оны сатып жіберуге асықпағаны жөн. Кемінде бір жыл күтіп, ол ақшаны уақытша ұмыту керек. «Осы қағиданы дәлелдегіңіз келсе, тәжірибе жасап көруге кеңес берер едім», - дейді қаржыгер.

Қарқынды дамып келе жатқан халал индустриясы саласында әлі де түйіні тарқатылмаған мәселелер жетерлік. Соның бастысы - халал жүйесінің мемлекеттік деңгейде белгіленген құқықтық базасының жоқтығы. Халықтың таза, сапалы қызмет пен тағам түрін қолдануға деген ниетінің артуы халал өндірістің дамуына ықпал етіп отыр. Халал сауда мен кәсіп саласына ауып, діни ұғым ретіндегі тар ауқымнан шықты. Бүгінде әлемде халал индустриясының жаһандық желісі қалыптасқан. Оның жылдық түсімі шамамен бір триллион АҚШ долларын құрайды. Сондықтан саланы қолдап, одан әрі дамыту көптеген елдерге тиімді. Қазақстанда «Халал» қызметін, шариғат тұрғысынан адал азық-түлік ұсынам деуші компаниялар «Халал» стандарты бойынша №57 техникалық комитеттің куәлігін және ҚР Мемлекеттік стандарттарына сәйкес сертификаттарын алып жұмыс істей береді. Яғни шығарушылар комитеттің тек куәлігін алады, ал шын мәнінде олар қандай стандарт бойынша жұмыс істеу керектігін білмейді. Сондықтан елімізде халал қызметі мен өнімдерінің мемлекеттік стандарттарын заңмен бекіту керек. Бұл туралы кеңірек «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Халалдың құқықтық негізі қайда?» деген материалдан оқи аласыздар.

«Биыл күллі түркі халқының ірі көсемдерінің бірі, эмиграцияда жүріп коммунистік жүйемен күрескен ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл толып отыр. Алаштың қаһарман қайраткерінің мерейтойы қарсаңында елімізге Түркиядан сүйінші хабар жетті. Жақында Мұстафаның осы уақытқа дейін көпшілікке беймәлім болып келген жеке қолжазбаларының бір бөлігін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тауып, елге алып келіп, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатына табыс етті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. XX ғасырдың алғашқы жылдарында еліміздегі саяси оқиғаларға байланысты шетелге кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрасы Франция, Гүржістан, Әзірбайжан, Түркия, Германия секілді оның эмиграцияда болған елдерінде қалып, бір бөлігі жойылып, бір бөлігі ғана бүгінге жеткені белгілі. Мұстафа Шоқай тірісінде еліне орала алмаса да, 70 жылдан кейін арыстың көзіндей болып, оның соңында қалдырған құжаттарының бір парасы атажұртына жетіп отыр.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовпен арадағы сұхбат «Елбасы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жол құрылысын Қазақстанда бұрын-соңды атқарылмаған мегажоба ретінде атайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берілген екеуара әңгімені оқығыңыз келсе «Айқынның» жұма күнгі нөміріне назар аударыңыз.

Осы басылымда «Назарабаев феномені: ел мен халыққа қызмет ету миссиясы» деген тақырыппен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің көлемді мақала жарияланды. «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің феномені көпқырлы. Нұрсұлтан Назарбаевтың тұтас образын елестету үшін оның қызметін жалпылай, кешенді түрде қарастыру қажет. Бірақ оның жалпы портретін құрастыруға тырысқандар аз, өйткені бұл - шынында да, өте күрделі міндет. Әйтсе де, бұл сұрақтың шешімі Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қарыштап дамуы жолында жасаған тарихи өзгерістерін, ел болудың логикасын түйсінуге көмектесер ме еді? Өйткені «Назарбаев феномені» - ел мен тұлғаның күрделі қос өрім болып біте қайнасқан тағдыры», деп жазады мақала авторы.

***

«Мемлекет басшысының атына құттықтау хаттары көптеп түсуде. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасындағы ресми адамдар, азаматтар мен ұйымдар өздерінің хаттары мен жеделхаттарында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты мерейжасымен және мемлекеттік мереке - Елорда күнімен құттықтайды», деп жазады «Қазақстанская правда» газеті. Мәселен Армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов өз жеделхатында: «Сізді мерейжасыңызбен шын жүректен құттықтауымды қабыл алғайсыз! Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және елімізді алға жетелей беруіңізді тілейміз», деп жазады. Осындай мазмұндағы хаттар мен жеделхаттарды жолдаушылардың арасында Кеңес Одағының Батыры, өскемендік Павел Кольцов және Социалистік Еңбек Ерлері: Қостанайдан Кәмшат Дөненбаева, Ақмола облысынан Ибрагим Жанғоразов, Шығыс Қазақстан облысынан Қазыбек Демеубаев, Шымкенттен Әуесхан Салықбаев бар.

Сондай-ақ белгілі қазақстандықтардың Президентті шын жүректен құттықтап, игі тілектерін білдірген хаттары «Егемен Қазақстан» газетінде де «Ер мерейі - ел мерей» деген тақырып аясына топтастырылып берілген.

Соңғы жаңалықтар