«Мақсат теңгеге сенімді нығайту» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 қаңтар, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «Мақсат  теңгеге сенімді нығайту» - баспасөзге шолу

***

Дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру мәселесі Елбасы Жолдауының барлық бағыттарынан көрініс тапқан. Бұл орайда әсіресе дағдарысқа қарсы іс-әрекеттер мен құрылымдық жаңғырулардың бес бағыты белгіленген төртінші тараудың орны ерекше. Мұнда ең біріншіден, еліміздегі қаржы секторын тұрақтандыруға баса назар аударылған. Оны жүзеге асыруда Ұлттық банкке және оның облыстардағы филиалдарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ғалия Сатыбалдинамен «Егемен Қазақстан» тілшісінің арасындағы әңгіме осындай бағытта өрбіген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұшымды жауап берген қаржыгер: «Бұған дейінгі тәжірибе екінші деңгейдегі банктердің бәрі бірдей ел мен тұрғындар үшін тиімді түрде қызмет ете бермейтінін көрсетіп отыр. Ендеше бұлардан не үміт, не қайыр. Стресс- тестілеу жүргізудің қажеттілігі де осында. Ең бастысы, мұндай табанды іс-шаралар банк секторындағы тұрақтылықты орнықтыруға ықпал жасай алады. Әрі екінші деңгейдегі банктердің ықтимал шығындарының ауқымын айқындауға септігін тигізеді. Тағы бір айтайын дегенім, елге несие берумен айналысатын банктер бүгінгі талаптарға және Жолдауда қойылған міндеттерге сәйкес капиталдандырудың қажетті көлемін алуы керек. Көп жағдайларда бұлай бола бермейді. Сондықтан да белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкестілік те орныға қоймайды. Қысқасы, стресс-тестілеуге қатысты шаралар отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін көтере алады», - дейді. Сұхбат «Мақсат теңгеге сенімді нығайту» деген тақырыппен берілген.

Еліміздің бас басылымында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың мақаласы «Оңтүстікке шетел инвесторлары қаржы салуға ниетті» деген тақырыппен берілген. Онда автор Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлт Жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында Қазақстанның мақсат-мүддесі айқын екендігін, даму жолдары кезең-кезеңімен Ұлт Жоспарында түзілгендігін, әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылуға да әрекет жасап жатқандығын талдап, алдағы уақытта іске асатын жұмыстарды көрсетіп бергендігіне баса назар аударған. «Қазір қолдағы бар қаржыға қарап, жұмыс жасау дағдарыс жағдайында серпінділік әкелмейді. Шетел инвесторларымен қатар өзіміздің ірі кәсіпкерлерімізді қолдай отырып, жаңа өндіріс орындарын көбейту жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Оңтүстікте осы бағытта бағдарламалар қабылданып, индустриалдық аймақтар бойынша Елбасының тапсырмалары тиімді орындалып жатыр. Мемлекет басшысы негіздеген Ұлт Жоспары жаңа қазақстандық арманға жеткізетінін халқымыз да біліп, бірауыздан қолдап келеді», - деп жазады С.Тұяқбаев.

***

«Әркімнің жанұясы өзінше бір әлем. Ол әлемнің тіршілігі мен бақыты ер кісінің адалдығы, жанашырлығы, ерекше мейірімі және әйелдің көрсетуі қажетті шынайы, байыпты әрі опалы құрметімен жүзеге асады. Мұсылман ғалымдары тілге тиек еткен осы бір сөз отбасылық өміріміздің әрбір сәтінде біздер үшін дауа іспетті. Осы секілді отбасылық өмірімізге қажетті төрт сиқырлы нәрсе де бар: «Мақтау, алғыс білдіру, күлімсіреу және тәуекел», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Жарыңызды мақтап тұрасыз ба?» деген тақырыптағы мақаласында. Автордың жазуынша, жұбайлар бір-бірін әркез көтермелеп, мақтап отыруы тиіс, сонда жақсы істер еселеніп жалғаса түседі. Жұбайлардың бір-біріне деген сыйластығы мен жанқиярлықтарына алғыс білдіруді, түптеп келгенде, адамгершілік пен сыпайылықтың талабы. «Сиқырлы тәсілдердің бірі - күлімсіреу. Мұсылман бір психолог ерлі-зайыптылармен жасаған кездесуінде екі жаққа да ұнамайтыны қатулы қабақ екенін айтқан. Өкінішке қарай, күлімсіресек, бір жеріміз кеміп қалатындай болып тыжырынамыз. Анығында біреумен сөйлесе бастағанда сәл ғана күлімсіреуіңіз оның да ашылып, сізге көбірек назар аударуына көмектеседі. Қарым-қатынасқа жол ашатын ең оңай жол күлімсіреу әрі отбасында да көбірек жылы жүзділік таныту», - делінген мақалада.

***

«Астанада жаңа жылда мемлекеттік бағдарлама аясында шамамен үш мыңға жуық пәтер салынбақ. Алайда, халық мұндай келешек көкжиегінің күдікпен қарап отыр. Өйткені, таңдаулылар тізіміне олардың ішінен санаулы ғана адамның ілігетіндігіне сенімді», - деп жазады «Время» газеті. Басылымның атап өтуінше, өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылы тек елордада 2500 пәтер салу жоспарланған. Билік мәліметтеріне сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлер елорданың сол жағалауында бой көтермек. Ал жалға берілетін пәтерлер темір жол және көптеген өндірістік нысандар ауданында және Көктал елді мекенінде салынбақ.