«Мақсат- жауынгерлік әзірлігін көтеру»-республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысумен селекторлық кеңес өтті. Онда Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруды жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. Өз баяндамасында Асқар Жұмағалиев әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру, автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін берумен айналысатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру жұмыстары туралы айтты. Отырыс барысында көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Электронды үкімет қызметі одан әрі дамытылады» атты мақаладан білесіздер.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еңсе көтерген қазақ әскері осы жылдар аралығында қуатты елдің құрыш қайратына айналды. Қарулы Күштердің алдында алғашқы күннен жауынгерлік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді. Қазақстан заманауи, жинақы да ұтқыр, жауынгерлік дайындық деңгейі жоғары армия құру жолын таңдады. Cол себепті де Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіпсіздік саласындағы басты тапсырмаларының бірі болып қала бермек. Бұл туралы «Мақсат- жауынгерлік әзірлігін көтеру» атты мақаладан қараңыздар.
***
Жамбыл және Алматы облысында аусыл індетінің таралуы контрабандалық малдан болды», - деп мәлімдеді кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Мереке Тайтубаев. Қызметтік тексеріс Жамбыл облысының Қордай ауданындағы контрабандалық жолмен келген 26 бас мал инфекция ошағының шығуына себеп болғандығын көрсетті. Елімізде барлығы аусылдың 7 ошағы тіркеліпті: Алматы облысында - 4, Жамбыл облысында - 3. Еліміздің шекара маңы аудандары бірқатар инфекциялық аурулар, оның ішінде аусыл тараған аумақ. Оны былтыр Қырғызстанда аусылдың үш ошағының анықталуы растап отыр. Ол бойынша халықаралық эпизоотикалық бюроға бір де нотификация жіберілмеген. Аталмыш мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Аусылдың ауылы қайда?» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.
Аталмыш басылымның хабарлауынша, дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасының топтық турнирінде дараланған командалар жұма күні плей-офф бәсекелерін бастайды. Сегіз мықтының қатарында біздің «Астана арландары» да бар. «А» тобында үшінші орынды иеленген қазақстандықтардың ширек финалдағы қарсыласы - «Мехико сити» клубы. Бұл кездесу біздің елде өтсе, бір аптадан соң қарымта матч Мексикада ұйымдастырылады. «Мехико сити» - осал команда емес. Аталмыш клуб «В» тобында екінші орынды олжалады. Олар 10 кездесу өткізіп, 6 рет жеңіске жетті. Жиған ұпайы - 20. Топтық турнирдің қорытындысы бойынша мексикалықтар тек Әзірбайжанның «Баку оттары» ұжымынан ғана қалып қойды. Есесіне Францияның «Париж Юнайтед», Германияның «Лейпциг қабыландары», Қытайдың «Бейжің айдаһарлары» және Түркияның «Ыстамбұл бұқалары» клубтарын артқа тастады. Спорт жанкүйерлері бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Сегіз мықты сайысқа түседі» атты мақаладан оқи алады.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Жол бойында қарттар ентігіп, жастар секіріп жүр» атты проблемалық мақала басты. Онда «Елімізде жолайырықтар салуға аз қаржы жұмсалып жатпағанымен, көпшіліктің көңілінен шығатындай, көлік қатынасына да, жаяу жүргіншілерге де ыңғайлы жолайырықтар салуға не кедергі? Білікті маман жоқ па? Әлде бөлінген қаржы ыңғайлы жолайырық салуға жетпей қала ма ? Өйткені атқарылған жұмысына қарап, қаржы тиімсіз жұмсалды ма деген күдік туады. Не десек те, жолға қатысты мәселеде кемшілік көп-ақ»,-делінген. Бұл проблеманың қыр-сыры жөнінде «Алаш айнасы» басылымынан оқыңыздар.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовты қабылдады. Елорда әкімі Президентті сәулет және қала құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ И.Тасмағамбетов Мемлекет басшысының назарына «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі мен Құрманғазы ескерткішіне қатысты республикалық конкурстың қорытынды материалдарын ұсынды. Елорданы дамытуда сәулеттік-көркем және монументалды безендіру шарасы ерекше мәнге ие. Осыған қарай бүгінде Астанада мәдениет және өнер қайраткерлеріне және тарихи оқиғаларға арналып ескерткіштер бой көтеретін болады. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «В столице будет новый монумент» атты мақалаға арқау болған.