Мақсатыма жету үшін төккен терім ақталды – Қадырбек Шынбаев
НАГОЯ.KAZINFORM — Аралас жекпе-жектен Азиада чемпионы атанған қазақстандық спортшы Қадырбек Шынбаев финалдық айқастан кейін Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, қолдау көрсеткен отандастарына алғыс айтты.
Сортшы ақтық айқас алдында қобалжығанын жасырмады.
- Жекпе-жек ойдағыдай өтті. Бапкердің қойған тактикасы бойынша барлық тапсырманы сәтті орындап шықтым. Отандастарыма және туған жеріме ұлкен алғыс айтамын. Арманыма жете алмай қаламын ба деген уайым болды. Бірақ осы уақыт ішінде мақсатыма жету үшін төккен терім ақталды,- деді ол.
Қадырбек Шынбаев тәжікстандық қарсыласына құрметі зор екенін жеткізді.
- Қарсыластарымның бәрі мықты болды. Тәжікстандық спортшымен көп жылдан бері таныспын. Әлем чемпионатында және Азия чемпионатында керемет нәтижеге қол жеткізген тәжірибелі спортшы. Сол себепті жекпе-жек аяқталғаннан кейін бір-бірімізді құттықтап, рахмет айттық. Мен оны құрметтеймін,- деді Азиада чемпионы.
Айта кетейік, Қадырбек Шынбаев Азия ойындарында ММА спортынан ерлер арасында (71кг) заманауи стильде өнер көрсетіп, ақтық сында Тәжікстан өкілі Хуршедзода Бехрузден 3:0 есебімен басым түсті.
Сонымен қатар, Осыған дейін Еркінғали Бүркіталин дәстүрлі стилде 77 келі салмақта топ жарған болатын.