Мақсатым - халқымыздың тектілігін өнер арқылы барша әлемге паш ету - қолөнер шебері Гүлназым Өмірзақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі кенжелеу қалған тұсы - кескіндеме өнеріндегі бізкесте әдісі. Бүгінде сол дәстүрлі өнеріміздің заманауи үлгіде дамытып отырған шебер қыздарымыздың бірі - «Дарын» сыйлығының иегері, Суретшілер одағының мүшесі Гүлназым Өмірзақ. Гүлназымның бізкесте техникасында орындалған туындыларының басқа қылқалам шеберлерінен ерекшелігі - қазақтың кесте өнерін суретшілікке қосуында. Ол бейнелеу өнеріне қазақтың кесте өнерін ендірді. Сол арқылы қазақ кескіндеме өнеріне жаңа бағыт әкелді. Бейнелеу өнерінің осындай қиын да қызықты жолына қалай келгендігі жайлы Гүлназым бізге әңгімелеп берді.

Мақсатым - халқымыздың тектілігін өнер арқылы барша әлемге паш ету - қолөнер шебері Гүлназым  Өмірзақ (ФОТО)

- Гүлназым Өмірзаққызы, бейнелеу өнерінің осы б і зкесте бағытын қалай таңдадыңыз? Қызығушылығыңыз қалай қалыптасты?

- Есімді білген кезден бастап аналарымыздың қолынан шыққан киіз үй ішіндегі тұрмыстық қолданыстағы әсемдеп тіккен бұйымдар көздің жауын алушы еді. Соларды көріп, ойыма тоқып өскендіктен болар, дәстүрлі өнерге деген әуестігім тым ерте оянды. Өнер саласындағы алған білімім бір басыма жетерлік, егер көкірегіме тоқығаным болса. Өнер магистрімін. Мамаңдығым - суретші-кескіндемеші (живопись). Міне, бұл тоғандарым біз кесте өнермен де айналысуыма ешқандай кедергісі жоқ. Қайта қазақ халқының дәстүрлі өнерің де бірге алып жүруіме менің қызығушылығымды арттыра түсті. Әрине, бұл көркем шығарма - ұлттық мәнердегі дәстүрге апаратын жаңашыл, батыл бағыт ұстанатын қажырлы еңбекті қажет ететін жұмыс. Ұлттық өнеріміздің мәңгілік дәстүрлі қазынасын заманауи өнер түріне қайта жарамды етіп әлемдік өнер деңгейіне көтеретін мүмкіндік туды.

- Бізкесте әдісін жан-жақты меңгерген шеберлер ретінде елімізге танымал отбасысыздар. Анаңыз бен әкеңіз, әпкеңіз Айнұр да суретші-кес к індемеші екені белгілі. Сол кісілерден бағыт-бағдар алып, қазірде өзіндік қолтаңбасы бар қолөнер шеберісіз. Солар жайлы біраз мағлұмат беріп кетсеңіз...

- Мен өз өнерімде шығармашылық іздену барысында техникалық әдіс-тәсілді жан-жақты қолдана отырып, біз кесте өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі қолөнер шебері анам Рахметбайқызы Калемханнан үйренгендігімді мақтан ете аламын. Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны қалыптасқан белгілі суретші, әкем Рыстан Өмірзақтың жаңа мәнердегі көркемдік ізденістерін кестелеу өнеріне өзгеше бағытта түсіру арқылы біздің отбасымызда өзіндік мектебіміз қалыптасты. Осы арқылы дәстүрлі халық өнері көркем шығармашылық дәрежеге дейін көтерілді. Біз кесте өнерінде анамды, шығармашыл жұмыстар жағынан әкемді өзіме ұстаз тұтамын. Мақсатым - халқымыздың тектілігін өнер арқылы барша әлемге паш ету. Мен өнерді жан-тәніммен сүйемін. Қандай да бір жаңа шығармашыл ой туындар алдында тамаша әуен тындау менің ішкі жан дүниемді тербейді және түрлі түсті бояулар арқылы жеткіземін.

- Кестелеу өнері - төзімді, қажырлықты талап ететін өнер түрі. Өзіңіздің осы салада шәкірттеріңіз бар ма? Жалпы жастардың қызығушылығы қандай?

- Менің бүгінге дейінгі жасап жатқан азды-көпті туындыларым халқымыздын эстетикалық талғамының биік деңгейіне көтерілуіне бір мысқал болса да қызмет етсе деймін. Қазіргі күнде біраз үміт күттірерлік шәкірттерім бар. Бір студентім Президент күніне байланысты республикалық байқаудан Гран-при жүлдесін алды.

- Жақында Тұңғыш Президент музейінде көрмеңіз өткені белгілі. Тағы қай жерлерде көрме өткізуді жоспарлап отырсыз? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

- Биылғы жыл - тарихи даталы күндер жылы. Ол да ой тебірентеді, идея қосады. Қазір эскиздік жоба деңгейінде жасалып жатыр. Шығармашылық жолымда биікке көтеріліп, өнер жолында халқымызға тамаша туындылар сыйлап қуантсам деймін. Және де көп картиналар жасап дүние жүзін аралап көрмелерімді өткізу жоспарым да бар. Биыл Астанада әпкем Айнұр Өмірзақ екеуміз Тұңғыш Президент музейінде жеке көрмемізді өткіздік. Ал осы мамыр айында Люксембург қаласында көрші елдер достығы атты халықаралық фестивальге дайындалып отырмын.

- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстар тілеймін!

Айта кетейік, Гүлназым Өмірзақ 1986 жылдың 11 наурызында туылған. 2009 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы магистратураны бітірген. 1996 жылы Жас таланттардың «Айналайын» 1-ші халықаралық фестивалінің лауреаты атанады. 2002 жылы Астана қаласында 5-ші халықаралық мерекелік «Шабыт» шығармашыл Жастар фестивалінің лауреаты болып алтын медалімен марапатталды. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Бюросының «Рисуют дети мира: Қазақстан» атты халықаралық Альбомдар сериясына енгені үшін сертификатқа ие болды. 2006 жылы Францияда академия атынан мамандығын шындап қайтты. 2010 жылы республикалық «Қанатты Әйел-3» идеялар мен тауарлар жәрмеңкесінің дипломымен марапатталған. 2010 жылы халықаралық жастар шығармашылығының Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атанды, 2012 жылы «Шабыт» фестивалінде «Биші» атты жұмысы үшін І орын алып, алтын медаль иеленді, ҚР Суретшілер одағының мүшесі.

Бүгінгі таңда өз өнерімен елімізге және шетелдерге танымал болған Гүлназым Өмірзақтың шығармашылық жұмыстары Лондон, Люксембург қалалары және Германия, Франция, Түркия, Ресей елдеріндегі өнер галереяларында сақтаулы, сонымен қатар еліміздегі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың интерьеріне қойылған. Сұхбаттасқан: Гүлден Оспанова