Мақсатымыз - қазақ күресін Азиада және Олимпиада ойындарына қосу - «Қазақстан барысы» турнирінің бас төрешісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше елорданың «Сарыарқа» велотрегінде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі болып өтті. Барша спортсүйер қауым көз тіккен байрақты бәсеке көпшіліктің көңілінен шықты. Биылғы жылы мамандар төрешілердің әрекеттеріне жоғары баға беруде. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі «Қазақстан барысы» турнирінің бас төрешісі Марат Жақыт мырзаны әңгімеге тартқан еді.

Мақсатымыз - қазақ күресін Азиада және Олимпиада ойындарына қосу - «Қазақстан барысы» турнирінің бас төрешісі

- Биыл төрешілер жағынан әділдікті байқадық. Өзіңіз жауапты сында бас төреші болдыңыз. Төрелік жасау оңайға соқпаған болар?..

- Былтырғы төрешілік жұртшылық тарапынан үлкен сынға ұшырағандықтан, биыл жыл басынан еліміздің түкпір-түкпірінен ең үздік деген төрешілерді іріктеп, арнайы семинар-кеңестер өткіздік. 50-60 маманның арасынан 12-сін іріктедік те, солардың ішінде финалда 6 төреші төрелік етті. Жауапты міндет жүктелген соң оны қолдан келгенше абыроймен атқарып, сенімді ақтау керек. Көрермендердің ықыласына қарағанда, қызметімізді тиісті деңгейде орындап шыққан тәріздіміз. Ресейлік қонақтар да ризашылығын білдіріп жатты. «Қазақтардан үйренер тұсымыз көп екен» дейді. Енді осы межеден түспеуіміз керек.

- Сіз осыған дейін «Қазақстан Барысы» турнирінде бас төрешінің көмекшісі қызметін атқарып келдіңіз. Сол кездерде, нақтырақ айтсақ, 2012 және 2013 жылы төрешілер өзінің жерлестерін, немесе, бұрынғы жеңімпазды тағы да алға қарай сүйрейтін. Әділдікті белден басып, жас балуандарды жолдан қағатын. Осыны мойындайсыз ба?

- Әрине, ондай жағдайлар болатын. Міне, биыл бас төрелікті маған тапсырды. Ондай бұратартушылық болған жоқ. Мен барынша әділ болуға тырыстым. Әділ шештім деп ойлаймын. Халық та разы болып жатыр. Міне, биыл 70 жасқа келіп жатырмын. Сонда да қазақтың төл күресін дамытсам деген жалғыз ниетпен жанталасып жүрген жайымыз бар. Мақсатымыз - қазақ күресін Азиада және Олимпиада ойындарына қосу.

- Бүгінгі ешкім ойламаған жас балуандардың жеңіс тұғырынан көтерілуі осы әділдіктің жемісі деуге келісесіз бе?

- Әрине, келісемін. Нағыз мықты әділдік бар жерде жеңіске жетеді. Субъективті пікір деген болады. Кейбір төрешілер өзіне ұнаған балуанды финалға қарай сүйрелейтіні рас. Бізді құртатын осы. Бұл қазақ күресінің етегінен кері тартпаса, көсегесін көгертпейді. Ал бір төрешілер финалда алып денелі, ірі балуандар белдессе тартысты, қызықты өтуі мүмкін деген көзқараспен жас әрі дене бітімі жағынан кішкентай балуандардың жолын бөгеп жатады. Міне, барлық дау осыдан басталады.

- Енді алдағы уақытта мұндай әділ төрелік ету дәстүрі жалғасын табады ғой...

- Әрине! Бұдан былай да кез келген жарыста әділ болуға тырысамыз. Алдағы уақытта ондай кемшіліктер біржола жойылады деген сенімдемін.