Максим Крят жарыстан алған әсерімен бөлісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқойлар арасында триатлоннан Қазақстанның ашық чемпионатында екінші орын алған қазақстандық Максим Крят жарыстан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жүлделі орын үшін күрес өте ауыр, ымырасыз болды. Шынымды айтсам, екінші орын алғаныма көңілім толады. Өйткені, екі қарсыласым да атақты спортшылар. Бұл жарыстарға 2015 жылдан бері қатыспай біраз уақыт үзіліс жасаған едім. Жарақатым болды. Тек өткен жылдың желтоқсан айынан бастап дайындалдым. Негізігі үшінші орын аламын деп ойлаған едім», - деді ол.
Оның айтуынша, үшінші орын алған украиндық Виктор Земцев Астанадағы жарысқа жарақатымен келген.
«Мәре сызығын кескеннен кейін ол аяғының ауырғандығын мойындады. Сол себепті қарқынын төмендетуге тура келген екен», - деді Крят.
Сонымен қатар ол жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, турнирдің өте жоғары деңгейде өткендігін баса айтты.
«Жарысты ұйымдастырушыларға жеке рахметімді айтқым келеді. Біз Триатлон федерациясымен бірге жұмыс істедік. Ол адамдар соңғы үш күн бойы небәрі 6 сағат қана ұйықтаған шығар. Олар өте үлкен жұмыс атқарды. Барлық еріктілер мен төрешілерге де ризашылығымды білдіремін. Қазақстан кез келген жарысты лайықты өткізуге дайын», - деді спортшы.
Айта кетерлігі, жарыстарға 155 спортшы қатысты. Турнир 1,8 шақырымға жүзу, 90 шақырымға велосипедпен жарыс және 21,5 шақырымға жүгіру бойынша өтті. Үшсайысқа 19 команда қатысты. Әр командада 3 адамнан бар.