Максим Рожин Халық кеңесін ұлттық диалогтың жаңа форматы деп атады
АСТАНА. KAZINFORM — Халық кеңесін құру қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі деңгейге шығарады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Максим Рожин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі қоғам белсенді әрі талапшыл сипатқа ие, ал шашыраңқы қоғамдық алаңдар мен диалог форматтары әрдайым жалпыұлттық мүддені толық қамти бермейді.
Максим Рожин Халық кеңесі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын Конституция деңгейінде тұрақты тетікке айналдыратынын атап өтті.
Оның пікірінше, бұл құрылым түрлі дағдарыс жағдайларында қоғамның ұстанымын ескеретін әрі мемлекеттік шешімдер қабылдауда халықшыл алаң қызметін атқарады.
— Халық кеңесі — ұлттық диалогтың жаңа форматы. Бұл қоғамның заң шығару үдерісіне тікелей қатысуына мүмкіндік беретін конституциялық тетік, — деді Мәжіліс депутаты.
Депутат сондай-ақ ұсынылып отырған конституциялық түзетулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, қоғамдық диалогтың орнықты механизмін қалыптастыратынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласына қандай өзгерістер енетінін айтқан еді.